Мемлекеттік органдардың жұмысын сандық жүйеге көшіру айқындықты арттырады және сыбайлас жемқорлық деңгейін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесуі барысында қалалық әкімдіктің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінде сөз болды.
Open Almaty жобасы бір жыл ішінде өзінің тиімділігін көрсетті. Қоғамдық қабылдау бөлмесіне 16 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 78%-ы сол жерде шешімін тапты. Шенеунікпен қарым-қатынасты болдырмау және орындау мерзімдерін азайту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі негізгі құралдар болып табылады.
«Бастапқыда біз порталды іске қостық, кейіннен фронт-кеңсе аштық. Өтініштердің 60%-ы телефон арқылы түседі. Телефон қоңырауларының жазбалары тіркеледі, талданады. Сондай-ақ, қала тұрғындарының өтініштерінің 20%-ы ғаламтор арқылы түседі. Бұл құжатын куәландыратын фотосын тіркеу талап етілетін жүйелі сұрақтар«, - »Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Жанна Төлегенова Open Almaty жұмысы туралы айтып берді.
Open Almaty Қоғамдық қабылдау бөлмесінде мемлекеттік органдардың, даму институттарының, қаланың коммуналдық кәсіпорындарының өкілдері қабылдау жүргізеді. Аптасына екі рет басқарма басшыларының тұрғындармен жеке кездесулері өткізіледі. Open Almaty сайтының ақпараттық базасы 700-ден астам өмірлік жағдайлар алгоритмдерін, 100 жылдам жауап скриптерін және 2 000-ға жуық анықтамалық материалдарды қамтиды.
Бүгінгі күні Алматыда Мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру деңгейі 63%-ды құрайды (128 сұраныстағы қызметтің 81-і). 2018 жылы «paper-free» принципі бойынша Алматы әкімдігінің тағы да 10 өзекті қызметі электрондық форматқа көшіріледі.