«Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заң мемлекеттік басқару жүйесіне қалай әсер етеді?

08.06.2026

2026 жылғы 19 мамырда Мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа заңды көпшілік мемлекеттік қызметшілерге ғана қатысты құжат деп қабылдауы мүмкін. Алайда оның ықпалы бұдан әлдеқайда кең. Заң мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған өзгерістердің жалғасы ретінде ашықтықты күшейтіп, цифрлық шешімдердің рөлін арттырады және жауапкершілік талаптарын жаңа деңгейге көтереді.

Бұл ең алдымен мемлекеттік қызметшілердің жұмыс тәсіліне әсер етеді. Қазіргі жағдайда тек тапсырманы орындау жеткіліксіз. Мамандар деректерді саралай білуі, өзгерістерге жедел бейімделуі, түрлі құрылымдардың жұмысын үйлестіре алуы және азаматтарға күрделі мәселелерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуі қажет. Қабылданған шешімдер мен атқарылған жұмыстардың барлығы дерлік цифрлық жүйелерде тіркелетіндіктен, әр қадамның жауапкершілігі де арта түседі.

«Заң талаптары квазимемлекеттік секторға тікелей қолданылмайды. Соған қарамастан бұл сала мемлекеттік басқарудағы жаңа үрдістердің ықпалын алғашқылардың бірі болып сезінеді. Қазірдің өзінде кадрлық саясат, шешім қабылдау үдерісі, ішкі бақылау және цифрландыру бағыттарында ортақ ұстанымдар қалыптасып келеді», – дейді «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас менеджері Дана Күлжанова.

Квазимемлекеттік сектор ұйымдары үшін бұл ішкі бақылау тетіктерін жетілдіру, мүдделер қақтығысының алдын алу және қабылданған шешімдердің негізділігін айқындауды талап етеді. Сондай-ақ кадрлық іріктеу мен сатып алу рәсімдерінің ашықтығына қойылатын талаптар күшейіп, жұмыс нәтижесін бағалауға баса назар аударылады.

Мемлекеттік жобаларды жүзеге асыруда да жаңа талаптар алдыңғы қатарға шығуда. Енді бөлінген қаржының көлемінен бұрын оның тиімділігіне, жоспарланған нәтижелердің орындалуына және қоғамға тигізетін нақты пайдасына мән беріледі.

Ал тұрғындар үшін бұл өзгерістер мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі ыңғайлы болуына жол ашады. Көптеген рәсім онлайн форматқа көшіп, қағазбастылық біртіндеп азая береді. Соған сәйкес цифрлық сервистерді пайдалану дағдыларының маңызы арта түседі.

Жалпы, жаңа заң мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Оның негізінде ашықтық, есептілік, жеделдік және нақты нәтижеге ұмтылу қағидаттары жатыр.

ТӨРАҒА БЛОГЫ