Алматыда батарейкалар, аккумуляторлар және өндірістік қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын Қазақстандағы озық кәсіпорындардың бірі — First Recycling зауытына көшпелі экскурсия ұйымдастырылды. Экскурсия бұған дейін «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ-да өткен кездесудің жалғасы болды. Кездесу барысында қаладағы батарейкалар мен электронды қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін дамыту мәселелері талқыланған еді.
Көшпелі кездесуге «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ өкілдері қатысып, қайта өңдеудің технологиялық үдерісімен танысты және Алматыда экологиялық қауіпсіз кәдеге жарату жүйесін дамыту перспективаларын талқылады.
Бүгінде батарейкаларды қайта өңдеу мәселесі ірі мегаполистер үшін аса өзекті болып отыр. Тұрмыстық қоқыспен бірге тасталған бір ғана батарейка ауыр металдар арқылы топырақ пен суды ұзақ жылдарға ластауы мүмкін. Сондықтан мұндай қалдықтарды жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту — Алматының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі.
First Recycling зауыты ай сайын 150 тоннаға дейін батарейка мен аккумуляторларды қайта өңдейді. Кәсіпорында шамамен 30 қызметкер жұмыс істейді. Өндіріс СО₂ шығарындыларын азайтуға бағытталған халықаралық Vera стандартына сәйкес келеді. Бұл жобаның Алматыдағы декарбонизация мен экологиялық ахуалды жақсартуға қосып отырған үлесін көрсетеді.
Қайта өңдеу процесі логистикадан басталады: қалдықтар кәсіпорынға жеткізіліп, түсіріледі және міндетті түрде өлшенеді. Одан кейін ең күрделі кезеңдердің бірі — батарейкалар мен аккумуляторларды қолмен сұрыптау және бөлшектеу жұмыстары жүргізіледі. Қуат элементтерінің түрлері өте көп болғандықтан, әрқайсысы жеке тәсілді және мұқият өңдеуді талап етеді.
Қайта өңдеу нәтижесінде мыс, алюминий, пластик және «қара масса» алынады. Бұл материалдар кейін өндірісте қайта қолданылады. Ал өңделген пластиктің бір бөлігі жаңа батарейкалар шығаруға жіберіліп, айналым экономикасының элементтерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Зауыт тек батарейкаларды ғана емес, сонымен қатар өндірістік АБС-пластикті, картон, макулатура, әйнек, металл және темекі қалдықтарын да қайта өңдейді. Кәсіпорында темекі өнімдерін қайта өңдейтін арнайы учаске жұмыс істейді. Мұнда бөлінетін никотин қышқылы кейін өндірістік мақсатта қолданылады.
Экскурсия қатысушыларының айтуынша, қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін мемлекет, бизнес және тұрғындар арасында тиімді ынтымақтастық қажет. Жобаны дамыту аясында Open Almaty арқылы тұрғындардың батарейкаларды қайта өңдеу бойынша өтініштері мен сұраныстарына талдау жүргізу жоспарланып отыр.
Экскурсияны зауыт директоры Рустам Юнузбаев пен өндіріс директоры Фарходжон өткізіп, қайта өңдеу технологиялары мен Қазақстандағы саланы дамыту перспективалары туралы жан-жақты ақпарат берді.

