Алматы қаласын дамыту орталығы ITeachMe қоғамдық қорымен әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Ұйым Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарды оқытып, оларды жұмыспен қамту бағытындағы жобаларды нәтижелі жүзеге асырып келеді.
ITeachMe азаматтарды заманауи цифрлық мамандықтарға үйретумен айналысады. Бағдарлама қатысушылары UX/UI-дизайн, SMM, бағдарламалау, мобилография сияқты сұранысқа ие бағыттарды меңгере алады. Оқу процессі қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі, қажет болған жағдайда сурдоаударма ұсынылады. Жоба толық циклге құрылған: оқыту, сүйемелдеу және жұмысқа орналасуға дейінгі қолдау. Соның нәтижесінде түлектердің едәуір бөлігі табыс тауып, тұрақты жұмысқа орналасып жатыр.
Бүгінге дейін бастама 1000-нан астам адамды қамтыған. Алматы қаласын дамыту орталығымен әріптестік аясында бұл көрсеткішті еселеу көзделген. Қос тарап жобаны жалпықалалық деңгейге дейін өсіруге ниетті.
Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жаңа мүмкіндіктер қолжетімді болып, олардың қала өміріне белсенді араласуына жол ашылады.
