Алматыда ауа сапасын бақылау жүйесін жетілдіру мәселесі талқыланды.

06.05.2026

Алматы қаласын дамыту орталығында Қазгидрометтің жергілікті филиалы, Almaty Air Initiative қоры және Алматы қаласын дамыту орталығының өкілдері кездесті. Басқосуда қаладағы ауа сапасын бақылау, экологиялық өлшеу жүйесін күшейту және мекемелер арасындағы ықтимал әріптестік бағыттары сөз болды.

Almaty Air Initiative қоры қазір жүзеге асырып жатқан жобаларын таныстырды. Атап айтқанда, ауа сапасын көрсететін дашборд әзірлеу, аллергендерді анықтайтын аэродинамикалық датчиктерді пайдалану, 170-ке жуық датчикті сертификаттау жұмыстары және шетелдік сарапшылармен бірлескен зерттеулер туралы айтылды. Сонымен бірге қор экология тақырыбындағы деректі фильмдер мен қазақ тіліндегі сериал секілді ағартушылық жобаларды да қолға алып отыр.

Қазгидрометтің жергілікті филиалы Алматыдағы мониторинг жүйесін кеңейту жоспарын баяндады. Мамандардың айтуынша, қалаға кемінде төрт жаңа станция қажет. Ал Алматы облысында мұндай бекеттер санын онға дейін көбейту мәселесі көтерілді. Қазір облыс аумағында тек Талғар қаласында бір станция жұмыс істейді.

Алматы қаласын дамыту орталығы кездесуде ведомствоаралық байланысты күшейту, деректер сапасын арттыру және халықаралық тәжірибені қала жағдайына бейімдеу бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ экологиялық мониторинг мәселесін тек бақылау деңгейінде қалдырмай, нақты шешім қабылдауға негіз болатын құралға айналдыру маңызды екені айтылды.

Кездесу барысында шығарындыларды есептеу тәсілдерін жаңарту, мониторинг деректерінің нақтылығын күшейту, бизнес өкілдерін экологиялық бастамаларға тарту мәселелері де көтерілді.

ТӨРАҒА БЛОГЫ