Алматы қаласын дамыту орталығы мен Алматы Менеджмент Университеті урбанистика, қаланы басқару және қолданбалы зерттеулер бағытында ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Құжат екі тараптың сараптамалық, білім беру және зерттеу әлеуетін біріктіруге бағытталған. Меморандум аясында қалалық орта, қоғамдық кеңістіктер, көлік инфрақұрылымы, тарихи мұра, жергілікті қауымдастықтардың қала өміріне қатысуы және басқа да өзекті бағыттар бойынша бірлескен жұмыс жүргізу көзделіп отыр.
Өзара серіктестіктің алғашқы нақты нәтижесі ретінде Алматы қаласын дамыту орталығының алаңында AlmaU Урбанистика институтының «Урбанистика және сити-менеджмент» білім беру бағдарламасы түлектерінің дипломдық жобаларын қорғау өтті.
Студенттер Алматының дамуына қатысты қолданбалы зерттеулерін кәсіби ортада таныстырды. Олардың жобалары Алмалы ауданындағы жергілікті қауымдастықтардың басқару және абаттандыру процестеріне қатысуы, Алматының тарихи қалалық ортасын сақтау, сондай-ақ қоғамдық көлік аялдамаларына арналған визуалды навигация жүйелерін жетілдіру мәселелеріне арналды.
Бұл формат студенттерге теориялық білімін нақты қалалық міндеттермен ұштастыруға, ал сарапшыларға жас зерттеушілердің идеялары мен ұсыныстарын кәсіби тұрғыда талқылауға мүмкіндік берді.
Алматы қаласын дамыту орталығы үшін бұл меморандум академиялық ортамен байланысты күшейтіп, қалаға қажет жаңа идеяларды зерттеу және талдау алаңында пысықтауға жол ашады. Ал AlmaU студенттері үшін серіктестік нақты қалалық жобалармен жұмыс істеуге, тәжірибе жинауға және урбанистика саласындағы кәсіби ортаға еркін енуге мүмкіндік береді.
Тараптар мұндай ынтымақтастық қала дамуына қатысты шешімдердің сапасын арттыруға, білім мен тәжірибе арасындағы байланысты нығайтуға және Алматының урбанистикалық күн тәртібін жаңа көзқарастармен толықтыруға ықпал ететінін атап өтті.

