«Алматының ерекше мәртебесі туралы» Заң: қаланы дамытудың жаңа мүмкіндіктері

09.01.2020

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингіде Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев, «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Ізтелеуов қала әкімдігінің құзыретін кеңейтуге қатысты қабылданған заңнамалық өзгерістер туралы айтып берді.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке еліміздің ең ірі үш қаласы әкімдіктерінің құзыретін, оның ішінде қала құрылысы саясатында, көлік инфрақұрылымы мен сәулет келбетін қалыптастыруда кеңейту туралы тапсырма берілген еді. Осылайша, 2019 жылғы 28 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы», «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойды.

Жалпы Алматы әкімдігі сәулет, қала құрылысы, жер қатынастары салаларын реттеуді жетілдіру, жасыл қорды сақтау, шағын және орта бизнесті дамыту, коммуналдық меншікті басқару, көлік, әлеуметтік мсәелелер бойынша 28 ұсыныс енгізді.

WhatsApp_Image_2020-01-09_at_13.10.36.jpeg

Мұхит Әзірбаев сәулет және қала құрылысы салаларының басты мүмкіндіктері туралы айта келе: «Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіп бойынша Алматы қаласын дамыту мен құрылыс жүргізудің бас жоспарын, Алматының қала маңындағы аумағына жататын аймақтарда қала құрылысын жоспарлаудың кешенді сызбасын жүзеге асыратын субъектілердің қызметін үйлестіруге мүмкіндік беретін құзырет пайда болды», — деп атап өтті.

Айта кетерлігі, бұрын қала мен оның айналасындағы аймақтарды бірдей дамыту заң жүзінде қарастырылмаған еді. Ал енді заңнамалық өзгерістер қала және қала маңы тұрғындарының мүддесі мен талаптарын ескере отырып, аумақты дамытуда теңсіздік пен үйлесімсіздікті жоюға мүмкіндік береді. Осыған байланысты, әкімдіктің құзыретін кеңейту қала құрылысы үшін игерілген қала маңындағы аумақтарда әлеуметтік, тұрғын үй, көлік, инженерлік және басқа инфрақұрылым салаларын дамытудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Әкім орынбасары өз сөзінде Алматы облысы әкімдігімен бірге Алматы агломерациясын 2030 жылға дейін дамытудың Өңіраралық жоспары әзірленгенін айтты. Құжатта өсіп келе жатқан халықты тұрғын үймен, әлеуметтік қызметпен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын құру, көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, қаланы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, жаңа туристік нысандар ашу және бұрыннан барын дамыту, экология мәселелері сынды нақты жобалар көрініс тапқан.

Мұхит Әзірбаев биыл қала мен облыс аумағының Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына дейінгі нақты жоспарын бірігіп әзірлеу қолға алынатынын, соның арқасында тұрғын үйлер мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың нақты орындары және олардың саны анықталатынын, сәйкесінше қажетті инженерлік және көлік жүктемесі есептелетінін айтты.

Тағы бір құзырет – республикалық маңызы бар қалалар мен астананың сәулет келбеті мен қала құрылысын жоспарлауды қалыптастырудың ережесін жасауда өкілетті органның келісімін алу және бекіту.

«Алматы – мыңжылдық тарихы әрі жеке бизнес пен капиталы, өзіндік тарихи сәулет келбеті бар қала, студенттер мен мәдениеттің қаласы. Сондықтан аталған құзырет қалалықтардың ұсыныстарын, тарихи, мәдени және заманауи ерекшеліктерді ескере отырып жеке заңнамалық құжаттарды талап ететін әрі қала құрылысын реттейтін басты бағыттардың біріне жатады», — деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

Осыған байланысты «Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңға қала кеңістігін безендіру мен құрылыс жүргізуді регламенттеу, сонымен қатар ғимараттардың сәулет келбетін сақтау бойынша қала үшін жеке ережелер мен талаптарды жасауға әрі бекітуге мүмкіндік беретін норма енгізілген.

Абаттандыру, жасылдандыру, жарықтандыру элементтері жинақталады әрі стандарт жасалды, ол бойынша қаланың сәулет сәйкестігін қалыптастыру мен сақтау сәулет және қала құрылыс қызметін (дизайн-код) жүзеге асыруда теңсіздік пен бейберекеттікке жол бермейді.

«Жаңа ережелерге сәйкес қала әкімдігі жаңа нысандарда тек балабақшалар мен мектептердің, шағынмаркеттер мен сұлулық салондарының ғана емес, сонымен қатар қосымша білім беру объектілерінің, спорт секцияларының, медициналық амбулаториялардың, тұрмыстық қызмет нысандарының болуын да талап ететін болады. Бұл халыққа тұрғылықты жеріне жақын маңда белгілі бір қызмет түрлерін алуға мүмкіндік береді», — деп түсіндірді Мұхит Әзірбаев.

Сөз соңында әкім орынбасары заңнамалық өзгерістер мен толықтырулар негізгі құзыреттіліктермен қатар көлік саласын дамыту, жұмыспен қамту саясаты, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелері бойынша әкімдіктің мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті. Барлық жаңашылдықтар қаланы дамытуға, сапалы қалалық ортаны құруға, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға, бизнесті дамытуға бағытталады.

Өз кезегінде «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Санжар Ізтелеуов жоспарланған барлық өзгерістер қоғам және іскерлік орта өкілдерімен, соның ішінде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерімен талқыланатынын хабарлады.