02 наурызда Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауына Түркістан облысы әкімдігінің өкілдері келді. «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ өкілі Әлия Жақсалықова делегацияға қалалық Open Almaty жобасының жұмысын таныстырды.
Open Almaty жобасы Алматы қаласын дамыту орталығы базасында тұрғындардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай терезесі ретінде жұмыс істейді. Атап айтқанда, қала тыныс-тіршілігінің барлық мәселелері бойынша байланыс орталығына 1308, 338 33 88 нөмірлері бойынша хабарласуға, open-almaty.kz арнайы порталына, Facebook, Instagram, Twitter әлеуметтік желілеріне жазуға немесе Абай даңғылы, 90 мекенжайында орналасқан фронт-офиске келуге болады. Жолдау тәсіліне қарамастан, тұрғындардың барлық өтініштерін консультанттар бірыңғай жүйеде тіркейді, Open Almaty инспекторлары мемлекеттік органдар беретін жауаптардың мерзімі мен сапасына бақылау жүргізеді.
Түркістан облысы әкімдігі аппараты басшысының орынбасары Рабиға Жексембаева бүгінде облыс Open Almaty тәжірибесін пайдалануға мүдделі екенін атап өтті.
«Open Almaty – Алматының тыныс-тіршілігіне байланысты кез келген мәселелерді шешуге көмектесетін пайдалы әрі қызықты қалалық жоба. Жолдар, бағдаршамдар, люктер, жарықтандыру, аулаларды абаттандыру, қар тазалау – осы және өзге де мәселелер бойынша алматылықтардың бірыңғай терезеге жүгіне алатыны ыңғайлы, бұл жерде өтініштер тіркеліп, құзіреті бойынша тиісті органдарға жіберіледі, сондай-ақ жауап беру мерзімі мен сапасы бақыланады. Өтініштерді талдау өз кезегінде қала басшылығына тұрғындарды не толғандыратынын көріп, білуге көмектеседі. Менің ойымша, егер бюджет пен техникалық база мүмкіндік берсе, мұндай жобаларды тек ірі қалаларда ғана емес, шағын елдімекендерде де енгізу қажет. Бұдан тұрғындар да, мемлекеттік органдар да ұтады», - деді Р. Жексембаева.