Биыл шаһарда жүйке жүйесі бұзылған науқастарға арналған 10 шағын әлеуметтік үй ашылады.
Алматыда биыл жүйке жүйесі бұзылған науқастар үшін 10 шағын әлеуметтік үй ашылады. Оңалту орталығынан ем қабылдап, жағдайы жақсара бастағандардың осы жерде өмір сүруіне мүмкіндік бар. Бұл туралы бүгін әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Асылбекқызы мәлімдеді. Мұнда жұмыс сапарымен келген Сенат депутаттары қаладағы әлеуметтік оңалту орталықтарын аралады. Науқастарға көрсетілетін қызмет түрлерлерімен танысып қайтты.
Сенат депутаттары мен басқарма басшысы алдымен Бостандық ауданындағы «Демеу» әлеуметтік орталығына барды. Мұнда қазір жүйке жүйесі мен психологиялық ауытқуы бар, 18 жастан асқан 600-ге жуық науқас емделуде. Оның ішінде 80-і – ерекше күтімге мұқтаж жандар. Өздігінен жүре алмайды және тамақтануы да қиын. Алматыға жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары ем алушылармен емен-жарқын сөйлесті.
Нысан 1965 жылы қарттар үйі болып бой көтерген. Өз кезегінде орталық басшысы Сенат депутаттарына түйіткілді мәселелерін айтты. Соның бірі – науқастарға қызмет көрсететін бөлмелердің тар болуы. Депуттар бұл мәселені шешу жолдарын айқындау үшін арнайы ұсыныс дайындауын сұрады.
«Тамақтану, сондай-ақ тұратын бөлмелердің 5 шаршы метрден аспайтын тарлығына қатысты мәселелер бар. Өкінішке қарай, оңалту кабинеттері де тым тар», - деді «Демеу» әлеуметтік орталығының директоры Данипа Ысқақова.
Қаладағы психоневрологиялық ауытқуы бар науқастарға арналған «Алатау» орталығы 1983 жылы салынған. Ескі нысан күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды. Сенат депутаттары мұндағы балалардың ата-аналарымен арнайы кездесті. Олардың ұсыныстарын тыңдады.
«Медицина саласында істеген қызметкерлер мен мұндағы қызметкерлердің жұмысы тең емес. Мына жерде жұмыс істеу түгілі, ауру балалардың ішіне кірудің өзіне кез келген қызметкердің жүрегі дауаламайды», - дейді ата-ана.
Бүгінде қала бойынша 54 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Оның 8 мың 278-і жүйке жүйесі бұзылған санат бойынша тіркеуде тұр.
«Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы жүйке жүйесінде ауытқушылығы бар адамдармен жұмыс істейді. Қазіргі таңда 120 адам кезекте тұр. Бұл орталықты не үшін аштық? Өйткені Алматы қаласы бойынша 10 жыл бойына кезек алға жүрмеген. Сол себепті қазір 154 адамға кезек жылжып, қазір 120 адам тұр», - деді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева.
Самал пансионат орталығы қаладағы жүйке жүйесі бар науқастардың көп болуына байланысты өткен жылы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болып өзгертілген еді. Сенат депутаты Ләззат Қалтаева мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселені Үкімет деңгейінде көтеріп жүр.
«Мені алаңдатқан тағы бір маңызды сұрақтың бірі, мұнда науқастардың 40 жасқа дейін ғана тұруына мүмкіндігі бар. Содан кейін олар қайда барады? Ерекше күтімге үйренгендерге үй жағдайында тұру оңайға соқпайды. Бұл жерде олар өздері секілді тағдырлас жандармен бірге тұрады, тілдеседі. Сол себепті 40 жастан кейін олардың өмірі қалай болтаны туралы мәселені біз қарастырып жатырмыз», - деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ләззат Қалтаева.
Сондай-ақ Сенат депутаттары Әуезов ауданындағы «Шаңырақ» әлеуметтік орталығына да барды. Мұнда қазір тағдыр тауқыметіне тап болған 260 қария тұрады. Айта кеткен жөн, қазір қалада осындай 9 оңалту және әлеуметтік орталық бар. Оның ішінде «Сенім» қызмет көрсету орталығы 3 жастан 18 жасқа дейінгі жүйке жүйесі бұзылған балаларға арналған болса, қалғаны 40 жасқа дейінгі науқастарды қабылдай алады.
Дереккөз: Almaty.tv.