Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауына түскен 395,5 мың өтініштің 87%-і бірден шешілді. Бұл туралы онлайн брифинг кезінде «Алматы қаласын дамыту орталығы» Қоғамдық коммуникациялар департаментінің директоры Әлия Жақсалықова айтты.
Оның айтуынша, 337,6 мың өтініш - Open Almaty байланыс орталығы (1308, 338-33-88) арқылы, 40,5 мың - әлеуметтік желілер, 15,6 мың өтініш оpen-almaty.kz порталы арқылы түскен.
«2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 206%-ке артты. Бұл көрсеткіш Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуіне байланысты өсіп отыр. 16 наурыздан бастап Open Almaty қала тұрғындарына коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы билік қабылдап жатқан шаралар туралы жедел консультация беретін байланыс орталығы ретінде жұмыс істейді. Қала тыныс-тіршілігінің түрлі бағыттары: абаттандыру, ағашкесу және қоқыс жинау, жол жөндеу және инженерлік желілерді ауыстыру, балабақшаға жолдама алу және қала әкімдігінің құзыретіне жататын өзге де өтініштерді қабылдау және тіркеу тоқтатылмады», - деді спикер.
Өтініштердің көпшілігі азық-түлік және дәрі-дәрмек түріндегі әлеуметтік көмек алу (81,6 мың), Алматыға келу/кету (36,8 мың), орта және мектепке дейінгі білім беру (31,7 мың), жәрдемақы алу (24,3 мың) және Алматыда жүріп-тұру (23 мың) мәселелері туралы болды.
Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауын 2017 жылы Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен Алматы қаласын дамыту орталығы ашқан болатын.
Жоба «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. 3 жыл ішінде Open Almaty жергілікті билік органдары өкілдері мен қала тұрғындары арасындағы басты диалог алаңдарының біріне айналды.
«Open Almaty жүйесі әрбір өтініштің орындалуын жіті қадағалауға мүмкіндік береді. «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңына сәйкес байланыс орталығы, фронт-офис және open-almaty.kz ақпараттық порталы арқылы түскен өтініштерді 15 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Егер мемлекеттік орган өкілдерінің оқиға орнына барып, тексеру жүргізуі қажет болса, онда 30 күнтізбелік күн жұмсалады. Әлеуметтік желілердегі өтініштер 3-5 жұмыс күні ішінде қаралады», - деді Ә.Жақсалықова.
Аудан әкімдерінің аппараттарына және кейбір басқармаларға жолданған өтініштер Open Almaty-да авторын белгілеу талабынсыз қаралады.
Ал құқық қорғау органдарына және қадағалау органдарына жолданған, тексеру жүргізуді талап ететін (мысалы, Полиция департаменті, Әкімшілік полиция басқармасы, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, Экология департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Қала құрылысын бақылау басқармасы және т.б.), авторын белгілемей жіберу мүмкін емес, қолтаңбасы, оның ішінде электрондық цифрлық қолтаңбасы, арыз берушінің пошталық мекенжайы жоқ өтініштер заңнамаға сәйкес анонимді өтiнiш саналады және қаралмайды. Мұндай жағдайда Open Almaty операторлары тұрғынға ЭЦҚ-ны пайдалана отырып, open-almaty.kz порталы арқылы өтініш беруді немесе фронт-офиске келуді ұсынады.
Апта сайын жауаптардың сапасы мен мерзімін Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев аппараттық кеңесте қарайды. Жауапты орындаушылардың сапалы және уақытылы жауап беруін Open Almaty инспекторлары қадағалайды. Бұл тұрғындардың қандай да бір өтініштері бойынша орындаушы болып табылатын әкімдіктің ведомстволық қарасты ұйымдары қызметкерлерінің дербес жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі: inform.kz