Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров Қоғамдық денсаулық басқармасының, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының басшылығы мен қызметкерлерінің, сондай-ақ қаланың медициналық ұйымдары бас дәрігерлерінің қатысуымен бейнеконференция-байланыс арқылы кеңес өткізді.
Қала тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын, медициналық ұйымдарды мамандармен қамтамасыз ету деңгейін арттыру, ана мен бала өліміне, онкологиялық аурулардан және қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлімге қарсы күрес бөлігінде мегаполистің денсаулық сақтау жүйесін дамытудың өзекті мәселелері қаралды.
Алматыда 74 мемлекеттік медициналық ұйым, 13 республикалық және 90 жекеменшік, 1383 алғашқы медициналық-санитарлық көмек учаскесі жұмыс істейді. 6046 дәрігер және 12 969 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау жүйесі тиімділігінің маңызды көрсеткіштерінің бірі – халықтың медициналық қызметтерге қанағаттануы. 2020 жылы бұл көрсеткіш 5%-ға артып, 54,3%-ды құрағанына қарамастан, пациенттер медициналық қызметкерлер тарапынан болатын дөрекілікке, тегін дәрі-дәрмектердің болмауы немесе беруден бас тарту, тіркеуден бас тарту, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, ауруханаға жатқызудан бас тарту фактілеріне шағымдануды жалғастыруда. Мұндай кемшіліктер №4, 8, 11, 12, 17 емханаларға және №7, 4, 2 қалалық ауруханаларға қатысты, осы мәселелерге медициналық ұйым басшыларының назары аударылды.
Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров медициналық ұйымдар деңгейінде «алтын сағат» ішінде пациенттермен байланысты инциденттерді жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар бас дәрігерлер медициналық қызметкерлерді коммуникациялық дағдыларға үйретуді ұйымдастырып, медициналық қызмет көрсету стандарттарын сақтауы керек. Бұл ретте, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және МӘМС шеңберіндегі қызмет пен көрсетілетін қызметтер туралы барлық ақпарат медициналық ұйымдардың сайттарында жариялануға тиіс.
Медициналық қызметтердің сапасы кәсібилік деңгейіне және кадрлармен жасақталуына тікелей байланысты. 2020 жылы мамандар тапшылығы 30%-ға қысқарды. Медициналық қызмет кадрларының жетіспеушілігін толтыру мақсатында Ержан Бабақұмаров медициналық ұйымдарды мамандармен қамтамасыз етудің ұзақ мерзімді болжамын қалыптастыруды және әлеуметтік қолдау шараларын қамтитын «жол картасын» әзірлеуді, медициналық қызметкерлерді, оның ішінде сала мамандарын даярлауға гранттарды ұлғайтуды тапсырды.
Ана мен бала денсаулығын қорғауға қатысты Алматыда өткен жылы жүктілік мерзімі 12 аптаға дейінгі 44 818 әйел есепке алынды, бұл 82%-ды құрайды. Бақылаумен ерте қамту жүктілік пен босану кезіндегі мүмкін болатын асқынуларды болжауға мүмкіндік береді, әртүрлі қауіпті азайтады.
Кеңес барысында перинаталдық буынның барлық кезеңдерінде жұмысты ұйымдастыру бойынша менеджменттегі кемшіліктер айтылды. Осыған байланысты ана мен бала өлімін азайту мақсатында қала әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров жүктілікті бақылаудың барлық деңгейіндегі өзара іс-қимылды күшейтуді, бақылау және босанғаннан кейінгі кезеңде алғашқы медициналық-санитарлық көмек патронаждық қызметінің тиімділігін арттыруды тапсырды.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі