Мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасындағы тікелей эфирде қала тұрғындарының мектептерге, балабақшаларға, медициналық мекемелерге, спорттық кешендерге деген сұранысын қамтамасыз ету міндеттерін шешу туралы айтты.
Алматы әкімі атап өткендей, «Алматы 2050» стратегиясында белгіленген «Шетсіз қала» қағидаты қадамдық қолжетімді әлеуметтік инфрақұрылымның ауқымды құрылысы арқылы жүзеге асырылады. Б. Сағынтаевтың айтуынша, мектептерді, балабақшаларды, медицина мекемелерін, спорттық кешендер мен нысандарды салу мен реконструкциялауда серпіліс жасау міндеті қойылып отыр.
Бұл Алматы қаласы тұрғындар санының тез өсуіне байланысты. Тек соңғы 10 жылда қала аумағы екі есеге өсті, ал Алматы агломерациясының халқы бүгінде 3 млн астам адамды құрайды. Оның үстіне халық саны табиғи жолмен өсуде, жыл сайын 30-35 мың нәресте өмірге келеді, ішкі көші-қон да едәуір ұлғайюда.
Демографиялық процестердің нәтижесінде 10 жыл ішінде қалада мектеп жасына дейінгі балалар саны 79 мың балаға артты. Мектепке дейінгі ұйымдарға 1-6 жас аралығындағы 45 мыңнан астам бала, 3-6 жас аралығындағы 21 мың бала кезекте тұр. Осы уақыт ішінде мектеп оқушыларының саны 120 мың адамға өсті. Бүгінде орташа жылдық өсім 12 мың оқушыға дейін жетіп, мемлекеттік мектептердің 40%-ының жүктемесі артқан.
Сондықтан, бүгінде әкімдік алдындағы кезек күттірмейтін басты міндет — тым болмаса таяу жылдарға мектепке дейінгі және білім беру орындарына деген сұранысты толық жабу.
Осыған байланысты, білім беру нысандарын жеделдетіп салудың үш жылдық арнайы бағдарламасы қабылданды.
Былтыр 670 орындық 4 мемлекеттік бөбекжай мен 1,3 мың орындық 48 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым салынды. Бұдан өзге 640 орындық 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ ұзақ мерзімді жалға беруден қайтару әрі сейсмикалық нығайту мен күрделі жөндеуден кейін 315 орындық мемлекеттік балабақша ашылады.
Мектепке дейінгі орындардың тапшылығын азайтуға шағын бизнес белсенді қатысуда. Тек биылдың өзінде 5 мың орындық 65 жеке балабақша ашу жоспарланған. Сонымен қатар 2,3 мың орындық 10 балабақшаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, оларды салатын орын анықталып жатыр.
Мектепке дейінгі білім берудегі тағы бір маңызды мәселе — ата-аналардың ақы төлеуі. Үкімет біздің жеке балабақшалардағы қосымша қызметтердің бюджетін ішінара өтеу туралы бастамамызды қолдады, бұл оларды қолжетімді ете түседі.
Балама шешім ретінде балалары кезекте тұрған отбасылар үшін ваучерлі тетік критерийлерін анықтау мүмкіндігі қарастырылып жатыр, олар — аз қамтылған отбасылар, көпбалалы отбасылар, жас отбасылар, мүгедек ата-аналар, жалғызбасты аналар.
Қазір осы мәселеге қатысты дайындық жұмыстары жүруде әрі бұл тетік алғаш рет Алматыда іске асады, соның арқасында мектепке дейінгі білім берумен қосымша 5 мың баланы қамтуға мүмкіндік туады.
Орта білім беру саласында мектеп салу және модернизациялау жұмыстары жүріп жатыр. 2010 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде 15 жаңа мектеп пен қолданыстағы 21 мектептің жанынан 22 мың орындық қосалқы нысандар салынды. 2020 жылы Әуезов және Түрксіб аудандарында 2 мемлекеттік мектеп пайдалануға берілді (1800 орын), қолданыстағы мектептер жанынан 5 қосалқы нысан (2017 орын) іске қосылды және 5,2 мың орындық 2 жекеменшік мектеп (1390 орын) пайдалануға берілді.
Биыл бюджет есебінен Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 12,6 мың орындық 8 мектеп салынып жатыр. Мектептер жанынан 8,2 мың орындық 17 қосалқы нысан салынуда. Оқу үдерісін жақсарту үшін инвесторлар да тартылады. Биылдың өзінде 1700 орындық 6 жекеменшік мектеп ашылады.
Нәтижесінде 2021 жылы мектептердегі орын тапшылығы 73% немесе 22,6 мың оқушы орынға қысқарады. Оның үстіне мұғалімдер мен басқа мамандарға 1,5 мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Сонымен қатар 2022-2023 жылдары 6 мыңға жуық оқушы орынға арналған тағы 14 жобаны іске асыру жоспарда бар. МЖӘ аясында қосымша 8 мектеп салынады және реконструкцияланады. Алдағы 2 жылда тағы 6,3 мың оқушы орны құрылады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі