19.04.2023

Мегаполисте жоба аясында 2 мыңға жуық ғимараттың жедел сатысы ауыстырылған. Бірнеше жылдан бері жөндеу көрмей, тозығы жеткен баспаналар жаңаша түрленеді. Мемлекеттік бағдарлама аясында үйдің қасбетін жаңарту, инженерлік желілерін ауыстыру және жертөле мен кіреберісіне күрделі жөндеу жүргізу қарастырылған. Ол үшін қаржы несиелік жүйемен беріледі. Қомақты қаражатты 8 жылдан 15 жылға дейін бөліп төлеуге болады. Бастысы - пайызсыз. Яғни, тұрғындар алдымен мемлекет қаржысына үйлерін жөндеп, кейіннен оны аз мөлшерде бөліп төлеу арқылы қайтарады.

«Бастапқыда біз тұрғындармен үйдің шатырын жөндеуге келіскенбіз. Кейіннен мемлекеттен берілетін қаржы арқылы үйді толығымен жаңартуға болатынын білдік. Сөйттік те, бірден келістік. Үйдің сыртын бояйтын түсті де өзіміз таңдадық. Ай сайынғы төлемі де тиімді. Әркім өзі тұратын пәтерінің шаршы метріне қарай әртүрлі төлейді. Шамамен 5- 7 мың теңге аралығында. Ол ай сайын коммуналдық төлеммен бірге келіп отырады», – деді қала тұрғыны Елена Умекенова.

Айта кетейік, бағдарлама 2011 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бүгінге дейін мегаполисте осы жоба аясында 965 көпқабатты тұрғын үй жаңартылып, 2 мыңға жуық ғимараттың жедел сатысы ауыстырылған. Салаға жауапты басқарма мамандарының хабарлауынша, биыл күрделі жөндеу жүргізуге 83 тұрғын үй өтінім берген.

«Тұрғындардан сұраныс әлі де қабылданып жатыр. «Алматы» тұрғын үй жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, құжатын тапсыра алады. Кейіннен өздерімен бірлесіп, жиналыс жасаймыз. Күрделі жөндеу жұмыстары өздері қалағандай жасалады. Оны жасаған мердігер компания өкілдері 2 жылға дейін кепілдік береді. Осы уақыт аралығында қандай да бір ақау болса, оны өз қаражатына жөндеп беруге міндеттеледі», – деді Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Қажин. 

 

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv