15.11.2023

Теңгені нығайту үшін отандық өндірісті дамыту керек.

Бұл туралы Алматыда өткен Ұлттық теңгенің 30 жылдығына арналған дөңгелек үстел аясында айтылды. Қатысушылар мереке қарсаңында төл теңгеміздің даму тарихын еске түсірді.

Мемлекеттің егеменді ел екенін айқындайтын бірден-бір белгі − ақша айналымындағы өзіндік төл валютасы. 1993 жылдың қазан-қараша айларында Қазақстан рубль құрсауынан шыға бастап, 15 қараша күні теңге ресми айналымға енді. Сол жылы алғашқы теңге партиясы Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылды. Оларды сақтау үшін арнайы жерасты қоймалары дайындалып, дәл осы қоймалардан ұлттық теңгеміз барлық өңірдегі банктерге 8 күн ішінде жеткізілді.

– Қазақстандық теңге 30 жылда өзінің өміршеңдігін дәлелдеді. Бұл оның нарықтық механизм ретінде өте жақсы жұмыс істейтінін көрсетті. Әрине, мен теңгенің салыстырмалы түрде күштірек болғанын қалар едім. Бірақ ол мұнай, газ, металдар мен астықтың әлемдік нарықтардағы бағасына тікелей байланысты, - дейді Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының директоры Әкімжан Арупов.

Ұлттық валютаның 30 жылдығы Алматыда экономист, қаржыгер мен сарапшы мамандардың басқосуына себеп болды. Теңгенің қалыптасу тарихына куә болғандар дөңгелек үстел басына жиналды. Олар ағымдағы экономикалық мәселелерді талқылап, теңгенің тағдырына қатысты өз болжамдарын айтты.

– Теңгеміз әрқашан биікте болсын. Құны түспесін. Бүгінгідей іс-шараны өткізу халқымыз үшін, біз үшін өте маңызды. Өйткені жастарды жинап, білікті мамандармен жүздестіру - жақсы бастама әрі кәсіби іскерлік жайында тәжірибе алмасу, - дейді қоғамдық қордың президенті Руслан Қайроллаев.

Қазақстан теңгесі өз тарихында үш жыл қатарынан «Үздік банкнот» атанған валюта ретінде белгілі. Әлемдік басылымдар да төл теңгемізді әлемдегі ең әдемі валюталардың қатарына енгізеді.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.