Емделуге жұмсаған соманың 10 пайызы табыс салығынан беріледі.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметінен бөлек, өз қаражатына емделген қызметкердің жұмсаған ақшасының 10 пайызын қайтарып алуға болады.
28 жастағы Айнұр Мусина соңғы жарты жылда бала күтіміне байланысты жұмыссыз отыр. Ал бұған дейін мектепте мұғалім болып жүрген кезінде көзіне ота жасатқан екен. Оның бағасы 270 мың теңге болған. Артынша, 300 мың теңгеге тісін емдеткен екен. Барлық ем-домға ақшаны қалтасынан төлепті. Себебі бұл қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға кірмейді екен. Қазір сол кеткен ақшасының 10 пайызын қайтарып алуға болатынын білмегеніне өкінеді.
«Оны мен білмедім. Білмегендіктен өз ақшамды жинадым. Жалақым да аз. Бірақ оның 10 пайызын қайтарып беретінін ешкім айтқан жоқ», – деді қала тұрғыны Айнұр Мусина
Салық кодексінің 342-бабы 1-бөлімінде «ем-домға жеке тұлға өз қаражатын жұмсаса, кеткен шығынның 10 пайызын қайтару» деген пункт жазылған екен. Яғни, сіз емделсеңіз, қалтаңыздан шыққан ақшаны растайтын құжатты қаржы бөліміндегі мамандарға көрсетесіз. Оған медициналық мекемеде жасалған келісімшарт пен емнің құнын төлеген түбіртек жатады. Осы процестен кейін емделуге кеткен шығынның 10 пайызы айлыққа қосылып түседі.
«Жеке тұлғаның емге жұмсаған ақшасы 94 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек. Яғни, қазір 1 айлық есептік көрсеткіш 3450 тг болса, кеткен шығын 324 мың 300 теңге болуы керек. Осы ақшаның 10 пайызы қайтарылады», – деді Қазақстанның кәсіби бухгалтерлер және аудиторлар қауымдастығының бас директоры Лейла Нұрахметова.
Кірістер комитеті бұл ақпаратты растап отыр. Бірақ кез келген медициналық шығынның 10 пайызы қайтарылмайды екен. Комитеттің жазбаша жауабында былай делінген:
Бұл ақшаны жұмыс беруші қалтасынан төлемейді. Емделуге жұмсаған соманың 10 пайызы табыс салығынан беріледі. Яғни, айлықтың 250 мың теңге делік. Оның 10 пайызы табыс салығына кетіп отырады. Егер ем-домға ақша жұмсап, оны растайтын құжат өткізсе, осы табыс салығы бюжетке емес, қызметкердің шотына жіберіледі.
Дереккөз: Almaty.tv.