Бос орындар жәрмеңкесі: медицина түлектері диплом алғанға дейін жұмысқа орналаса алады

07.04.2023

Сол арқылы ауыл аймақтарға медицина қолжетімді бола түседі.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, жалпы республика бойынша 7 жарым мыңнан астам маман тапшы. Бұл мәселені шешу үшін жыл сайын бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жастар жұмыс табады. Сол арқылы ауыл аймақтарға медицина қолжетімді бола түседі.

Медицина саласында білім алған Ақжол Аманжолұлы былтыр оқуын тәмамдап, бос орындар жәрмеңкесі арқылы Петропавл қаласынан жұмыс тапқан. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жарты жылдан астам уақыт қызмет етіп жүрген ол мансабын бастап қана қоймай, көтерме жәрдемақы алғанын айтады. 

«Ақшалай көмек пен әлеуметтік пакет болды. Бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасынан әр маманға 1 жарым миллион теңге және аурухана есебінен 1 миллион теңге берілді. Жалпы айтқанда 2 жарым миллион әр маманға берілді», – деді көпбейінді Облыстық балалар ауруханасының невролог-дәрігері (СҚО) Ақжол Әріпхан.

Дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатын бос орындар жәрмеңкесі бүгін Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде өтті. Білім ордасына еліміздің әр өңірінен 234 медицина мекемесінің өкілдері мен Денсаулық сақтау басқармасының басшылары келіп, дипломын енді алатын білімгерлерге жұмыс орындарын ұсынды. Кадр тапшылығы бойынша көш бастап тұрған Қостанай облысының мамандары болашақ дәрігерлерге есігіміз әрдайым ашық, дейді.

«Облыс бойынша 450-ге тарта мамандар жетіспейді. Барлық облыс орталығы болсын, аудандарда болсын қазір беріп жатқан тұрмыстық, қоғамдық қолдаулар біздің облыста 5 миллионға дейін жетеді. Жұмыс істеу мерзімі 7 жылға дейін және әрбір келген жас маманға ұжымда қолдау көрсетіп отырады. Әр жас маманмен жетекшілері жұмыс істейді», – деді Қостанай қалалық ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы Бекболат Уәли.

Бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысатын білімгерлер қатары көп. Өйткені жас маман болашақ жұмыс орны ретінде басқа өңірдегі аудандық аурухананы таңдаса, мемлекет тарапынан 5 миллион теңгеге дейін, облыстық аурухананы таңдаса 3 жарым миллион теңгеге дейін бір реттік өтемақы беріледі. Биыл оқу ордасы бос орындар жәрмеңкесі арқылы 2 жарым мыңға жуық студентті жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

«Қазір еліміздің әр өңірінде «Дені сау ұлт» жобасы аясында көптеген медициналық мекемелер салынып жатыр. Яғни, заманауи технологиялармен жабдықталған облыстық және көпсалалы аудандық ауруханалар, емханалар саны көбейіп келеді. Бұл бастама ауылды аймақтағы халыққа медициналық көмекті қолжетімді етеді», – деді C.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.

Сәйкесінше, сала мамандарының қажеттілігі туындайды. Ал, бүгінгі бос орындар жәрмеңкесі – оқуын енді бітіріп жатқан жас мамандар үшін үлкен мүмкіндік.

Айта кетейік, ақ халаттылар тапшылығы әсіресе, Қостанай, Маңғыстау және Ақмола облыстарында қатты байқалады. Соның ішінде жалпы тәжірибелік дәрігер, хирург, анестезиолог және неанотолог секілді мамандықтарға сұраныс көп. Бүгінде ауыл аймақтарда медицинаны қолжетімді ету үшін жас мамандарды ынталандыру қарқынды жүзеге асып келеді. Ол үшін жалақыны көбейту, көтерме жәрдемақы беру, еңбек шартын жетілдіру мәселелері қолға алынған.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.