Төмен табысы бар отбасыларға көмек көрсету бастамалары
Бүгінгі таңда Алматыда 4 мыңға жуық отбасы (20,5 мың адам) кедейлік шегінде өмір сүруде. Табыс теңсіздігі және ресурстарға қолжетімділік қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті күшейтіп, тиімді қолдау бағдарламаларына қажеттілікті туғызады.
Төмен табысы бар отбасыларға көмек көрсету бойынша мемлекеттік бағдарламалар қаржылық қолдауды (ӘСП және басқа да жәрдемақылар), коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер, балаларға қосымша төлемдер және басқа да көмектерді қамтиды. Алайда, бұл шаралардың тиімділігі басты мәселе болып табылады, өйткені көмек алатын көптеген отбасылар төмен табыс пен жәрдемақыларға тәуелділіктен шыға алмайды.
Бұл көмек көрсету жүйесінің басты проблемаларының бірі – жұмысқа орналасу ынталарына тежеу жасау және көмекке тәуелділікке бағыттау. Сонымен қатар, қазіргі әлеуметтік қолдау жүйесі осындай отбасылардың кедейліктен шығуына мүмкіндік пен ресурстар ұсынбайды.
Осыған байланысты, Сингапурдың төмен табысты отбасыларды қолдау тәжірибесін қарастыру ұсынылады, бұл оларға кедейліктен шығуға көмектеседі.
Empowered Families Initiative (EFI)1 – бұл төмен табысты отбасылардың өмір сүру жағдайларын және әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған даму бастамасы. Бағдарлама қажеттіліктерге емес, отбасылардың әлеуетіне назар аударады.
EFI әлеуметтік сенім, автономия және есеп беру принциптеріне негізделген. Бағдарламалар көбінесе негізгі қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған әлеуметтік көмек бағдарламаларынан айтарлықтай ерекшеленеді.
Бағдарлама үш бағытта жұмыс істейді:
- Гранттар: отбасылар өз әлеуетін ашу үшін гранттар алады. Олар бұл қаражатты өз мақсаттарына жету үшін, оның ішінде білім беру, үй бизнесі және т.б. үшін пайдалану автономиясына ие;
- Жинақтар: отбасылар өз активтерін көбейтіп, қосымша қаражат ала алады. Жинақтар 6 ай ішінде 1:2 коэффициентімен екі еселенеді, ең жоғарғы лимит $1200;
- Қоғамдастық: бағдарламаға қатысатын отбасылар үнемі кездесіп, өз жетістіктерімен бөліседі. Осы платформа арқылы олар бір-бірінен үйреніп, қолдау көрсетеді және ынталандырады.
Бағдарлама шеңберінде отбасыларға жағдайларын жақсарту үшін, мысалы, білім алу, курстардан өту немесе қарыздарын жабу үшін айына 250 доллар төленеді.
Отбасыларды үнемдеуге ынталандыру мақсатында EFI олардың ай сайынғы гранттарынан үнемдеген соманы екі еселеп береді, сондай-ақ алты ай ішінде жинақтарын пайдаланбаса, тағы 300 доллар қосылады.
Бағдарламаға 27 отбасы қатысты, олардың көпшілігі жалға алынған пәтерлерде тұрады. Олар сұхбаттан өтіп, өз жағдайларын жақсарту мақсатында нақты мақсаттарға қол жеткізуге ұмтылатынын көрсеткеннен кейін таңдалды. Грант алуға үміткерлердің отбасылық табысы жан басына шаққанда айына 800 доллардан аспауы тиіс, бірақ бұл талап қатаң критерий емес.
2022 жылғы қазан мен 2023 жылғы наурыз аралығында өткен бірінші пилоттық жоба барысында отбасылардың ұсынған ай сайынғы есептері негізінде EFI командасы әр отбасыға 3300 АҚШ долларын инвестициялау табысты 21%-ға арттырып, барлық қарыздар мен міндеттемелерді өтеп, жинақтарды 141%-ға арттырғанын анықтады.
EFI Сингапурдағы Dreams Asia атты жергілікті қайырымдылық ұйымының ұлттық байқауының жеңімпазы атанды, онда 60-тан астам команда 500 мың АҚШ долларын жеңіп алу үшін кедейлікті жою бойынша революциялық жобаны жүзеге асыру үшін бақ сынасты.
Бұл тәжірибе тиімді мемлекеттік қолдау бағдарламаларының тек қана ағымдағы қаржылық қиындықтарды жеңілдетуге емес, отбасылардың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасауы керек екенін айқын көрсетеді. Жұмысқа ынталандыру, білім беру саласына инвестициялар жасау және дамуға қолайлы орта қалыптастыру шаралары отбасылардың өмір сапасын жақсартуға және қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті азайтуға ықпал етеді.
Ұсыныс ретінде енгізілді.