18.08.2026

Эльмира Карманова, Алматы қаласын дамыту орталығының жобалар жөніндегі бас менеджері

Дала тарихы бізге бастан-аяқ тізілген біртұтас шежіре күйінде жеткен жоқ. Оның ізі отбасылық естеліктерде, жер-су атауларында, жүріп өткен бағыттарда, түрлі бұйымдар мен бірін-бірі толықтыратын әңгімелерде сақталған. Құрақ көрпені осындай жадтың затқа түскен бейнесі деуге болады: әр қиық өзіне тән бедерін жоғалтпайды, ал дәл қиыстырылғанда ортақ өрнектің бір бөлігіне айналады. Қаланың қоғамдық ортасын құрақ көрпеге теңеуіміздің өзіндік мәні бар.

Алматыда әр кезеңде, әртүрлі жағдайда қалыптасқан сан алуан орта бар. Кітапханалар, жастар орталықтары, жоғары оқу орындары, мәдениет мекемелері, қоғамдық ұйымдар, кәсіби бірлестіктер мен жергілікті бастамалардың әрқайсысы өзінше жұмыс істейді. Олардың тарихы да, тәсілі де, араласатын ортасы да бөлек. Бұл – қаланың кемшілігі емес, байлығы. Ең маңыздысы – осы мүмкіндіктерді өзара ұштастыру.

Алматының даму бағдарламасында жастар орталықтарының қызметі іс-шара өткізу және кеңес берумен шектелмейді. Олар жастардың көңіл күйіне, қоғаммен байланысына, қаланың экономикалық және әлеуметтік өміріне араласуына ықпал етуге тиіс. Жаңа үлгідегі кітапханалар да кітап алып-қайтатын мекеме болып қалмай, жұрт бас қосатын орынға айналуы қажет. Мәдени бағдарламалардың міндеті – адамдар арасын жақындату, аудандардың тынысын ашу, қалаға жаңадан келгендерді Алматының мәдени өміріне тарту.

Демек, нәтижені салынған ғимараттың немесе өткізілген шараның санымен ғана бағалауға болмайды. Ең маңыздысы – сол жерге келген адамның өмірінде не өзгерді? Ол керегін тапты ма? Біреумен танысып, ортаға қосылды ма? Өз ойын ұсынып, бастама көтере алды ма?

Алматыда мұндай орталар аз емес. Ендігі міндет – олардың байланысын күшейту. Бұл кітапхана, жастар орталығы, университет пен қоғамдық ұйымды бір үлгіге салу деген сөз емес. Қала тұрғынының бір мүмкіндіктен екіншісіне қалай өтетінін, қажет ортаны қайдан табатынын, қай тұста кедергіге кезігетінін білуге тиіс.

Қазір тұрғын өзіне керекті мүмкіндікті көбіне өз бетімен іздеуге мәжбүр. Бір мекемеден кеңес алғанымен, басқа жерде өтіп жатқан бағдарлама туралы кездейсоқ естиді. Қолға алған ісіне орын іздеп, тағы бір мекеменің табалдырығын тоздырады. Барған жерінің бәрінде мәселесін басынан бастап баяндауына тура келеді. Қалада мүмкіндік аз емес, бірақ қайда барып, кімге жүгіну керегі анық көрсетілмеген.

Қалалық есептен жұмыс істеп тұрған мекемелердің санын, оларға қанша адам келгенін, қанша шара өткізіліп, қанша кеңес берілгенін білуге болады. Бірақ бұл деректер атқарылған істің нәтижесін толық көрсете алмайды. Алғаш келген адам кейін қайта оралды ма? Сол жерде танысқан адамдар араласып жүр ме? Қатысушы тұрақты топқа қосылып, өз ойын ортаға сала алды ма? Ұйытқы болған жетекші кеткеннен кейін де қауымдастық жұмысын жалғастырды ма?

Қоғамдық ортаның қуаты қателіктің болмауымен өлшенбейді. Оның шын күші – кемшілікті дер кезінде аңғарып, содан сабақ алып, жұмыс тәсілін өзгерте білуінде.

Адам қаланы екі қырынан танып-біледі

Әуелі адам қаланың күнделікті тұрмысқа қажет қырын меңгереді: баспана мен жұмыс табады, мектеп таңдайды, емханаға тіркеледі, көлік бағыттарын жаттайды. Бірте-бірте картасыз-ақ жүретін болады.

Ал қаланың қоғамдық өміріне сіңісу әлдеқайда баяу жүреді. Жұмыстан тыс кәсіби ортаны қайдан табуға болады? Әлі ұйым құрып, құжат жинап, қаржы іздейтіндей деңгейге жетпеген ойды кіммен бөлісуге болады? Көршілер тек тұрмыстық мәселе сөз ететін ауданда пікірлес адамды қалай табасың? Қалыптасқан ортаға сырттай қарап жүрмей, оның бір мүшесіне қалай айналасың?

Қалаға жаңадан келген адамның бейімделуі құжат рәсімдеп, қоғамдық көлікке үйренумен аяқталмайды. Өзі жиі баратын орындар пайда болғанда, сенімді таныстар табылғанда, ортақ іске араласқанда ғана ол қаланы жатсынбай бастайды. Сондықтан жаңа тұрғынды мәдени ортаға тарту дегеніміз – оған жұртпен танысып, ортақ іске араласатын жағдай жасау.

Мұндай орта тіл үйрену клубы, кәсіби бірлестік, ата-аналар тобы, кітапхана жанындағы үйірме, өлкетану жобасы немесе еріктілер бастамасы болуы мүмкін. Мұнда адамдарды өмір жолының ұқсастығы емес, ортақ қызығушылық пен бірлескен іс жақындастырады. Кеше көмек іздеп келген адам ертең жаңа қатысушыға жол көрсетсе, бейімделудің нәтижесі сол.

Бұл тек жаңа тұрғындарға қатысты емес. Қоғамдық іске алғаш араласқан жасөспірім де, кәсіби орта іздеген түлек те, бала күтімінен кейін бұрынғы байланысын қалпына келтіргісі келген ата-ана да осындай жолдан өтеді. Қала алғашқы мүмкіндікті бере алады. Адамның әрі қарай ілгерілеуі сол мүмкіндіктің жалғасы қаншалықты түсінікті екеніне байланысты.

Сондықтан есептің өзегінде дерексіз «нысаналы топ» емес, нақты адамның тәжірибесі негізге алынуы керек: ол қандай мұқтаждықпен келді, алғашқы көмекті қайдан алды, қайта оралуына не себеп болды, кіммен танысты, қандай міндет атқарды, қай тұста тоқтап қалды?

Адам көп жиналған жердің бәрі қауымдастыққа айнала бермейді

Есігі ашық, кестесі дайын, келушісі көп, әлеуметтік желіде суреті жарияланған орын сырт көзге қызу жұмыс істеп жатқандай көрінеді. Бірақ бұл сол жерде адамдар арасында қандай байланыс орнағанын және шара аяқталған соң не қалғанын көрсете алмайды.

Қоғамдық орта бірнеше сатыдан қалыптасады.

Алдымен адамға келетін орын керек. Ол қайда келетінін, қалай кіретінін, уақытын тегін не қолжетімді бағамен өткізе алатынын біледі.

Одан кейін көрсетілетін қызмет адамның нақты мәселесін шешеді. Құқықтық кеңес заңға қатысты сұрағына жауап береді, кәсіптік бағдар жұмыс іздеуге бағыт сілтейді, кітапхана керекті кітап пен мәліметті табуға көмектеседі. Мұнда кейде бір кездесудің өзі жеткілікті.

Бағдарлама адамға белгілі бір уақыт ішінде білімі мен дағдысын жетілдіруге көмектеседі. Ол бірнеше рет келіп, үйренгенін қолданып, пікір алады.

Қауымдастықта адамдар бірін-бірі танып, кездесуден тыс та араласады, жаңадан келгендерге қол ұшын береді, ұсыныс айтып, ортақ жауапкершілікті бөліседі. Ұйымдастырушы болғанымен, бүкіл іс бір адамға байланып қалмайды.

Осы сатылар бір-бірімен ұштасқанда ғана қалалық жүйе қалыптасады. Сонда кітапхана, жастар орталығы, университет, жұмыс беруші, мәдениет мекемесі мен қоғамдық ұйым тұрғын үшін бір-біріне қатысы жоқ мекемелер болып көрінбейді. Жұртпен күнделікті жұмыс істейтін мамандар осы мекемелердің бір-бірімен қалай байланысатынын жақсы білуге тиіс.

Мысалы, кеңес алған адамға басқа ұйымның атауын айтып қана қоймай, кімге және қалай хабарласатынын түсіндіру керек. Ашық кездесуге келген адамға тұрақты топқа қосылатын мүмкіндік берілуі қажет. Шағын бастамаға орын немесе серіктес табылса, ал оны алғаш қабылдаған мекеме істің әрі қарай қалай өрбігенін білсе – мекемелер арасында сабақтастық бар деген сөз.

Алайда барлық жұмыстан бірдей нәтиже күтуге болмайды. Ашық дәріс тыңдаушыға керекті білім берсе, міндетін орындады. Құқықтық кеңес бір мәселені шешсе, адамның қайта келмеуі кемшілік саналмайды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінің табысы тұрақты топ құрумен емес, адамның жұмысқа орналасуымен өлшенеді.

Ал мақсат адамдарды ортаға араластыру, өзара жақындастыру, бірлесіп іс атқаруға жұмылдыру болса, шараның өтуі жеткіліксіз. Одан кейін не болғанын білу қажет: адам қайта келді ме, таныс тапты ма, тұрақты топқа қосылды ма, өз ойын ұсына алды ма, бастамасына қолдау алды ма?

Қауымдастықтың қуаты саннан емес, адамдар арасындағы байланыстан көрінеді

Тұрақты қауымдастықтың бірнеше белгісі бар. Оның мүшелері бірін-бірі таниды; араларында сенім қалыптасады; жаңа адамға жол көрсететін кісі табылады; жауапкершілік біртіндеп бөлісіледі; топ бір ғана жетекшіге тәуелді болмайды; жиналған тәжірибе келесі іске жарайды.

Мұнда сенім жай сөзбен емес, іс үстінде қалыптасады. Адам көкейіндегі сұрағын еркін қойып, ойын ашық айтып, өзіне жүктелген іске жауапкершілікпен кіріскенде және қателескені үшін шетке қағылмайтынын сезінгенде ғана ортаға бауыр басады. Бірте-бірте сырттан бақылаушы емес, ортақ іске атсалысатын қауым мүшесіне айналады.

Қауымдастықтың қаншалықты берік екені осындайда білінеді. Кей орта жұртты ұйымдастырып жүрген бір адамға ғана қарап қалады: ол кетсе, топ та тарқайды. Кейбір топтың өзара ынтымағы мығым болғанымен, жаңадан қосылғысы келген адамды жатырқайды. Жұрт қолдаған бастаманың өзін жалғастыратын адам немесе бас қосатын орын табылмай, аяқсыз қалатын кездер де болады. Мұндай кемшілікті бүркемелеудің қажеті жоқ. Қай тұсты түзеп, нені күшейту керегін сол олқылықтардың өзі аңғартады.

Қазақтың асар дәстүрінде осыған қажет өнеге бар. Ел болып бір іске кіріскенде, бірі қол күшін, бірі уақытын, енді бірі қолындағы құралын беретін. Әрине, бұрынғы асарды бүгінгі қала тіршілігіне қаз-қалпында әкелу мүмкін емес. Қазір жұрттың тұрмысы да, уақыты да, бір-бірімен араласу салты да өзгерген. Дегенмен елді ортақ іске ұйыстырып, міндетті жұмыла көтеру мен бір-біріне сүйену дәстүрін бүгінгі жағдайға сай қайта жаңғыртуға болады.

Көпшілікке арналған шара мен тұрақты топтың мақсаты бөлек

Қалалық бағдарламаларға жұртты кеңінен тартудың маңызы зор. Көп адам жиналған шара арқылы тұрғындар жаңа мүмкіндік, өзекті тақырып немесе белгілі бір ұйымның жұмысымен қысқа уақытта танысады. Бұған дейін бір ортаға ғана белгілі болған бастама осылайша көпшілікке жетеді.

Ал шағын топта жұмыс басқаша өрбиді. Мұнда адамдардың бірін-бірі танып, тіл табысуына уақыт бар. Бірге атқарған іс көбейген сайын өзара сенім нығайып, әркімнің міндеті айқындала түседі. Уақыт өте қатысушылар сырттан бақылап отырмай, жұмыстың бағытын белгілеуге өздері де араласады.

Қалаға көпшілік жиналатын шара да, тұрақты топ та керек. Бірақ екеуінің арасы үзілмеуге тиіс. Үлкен жиын естелік суретпен және «жаңалығымызды бақылап отырыңыздар» деген сөзбен аяқталса, жиналған жұрттың көбі кейін оралмайды. Келесі шарада ұйымдастырушыларға жаңа адамдарды қайтадан басынан бастап тартуға тура келеді. Ал тұрақты топ көпшілікке ашық шаралар өткізбесе, оның жұмысы аудан тұрғындарына белгісіз болып, қатары жаңа мүшелермен толықпайды.

Сондықтан мекеменің жұмыс кестесі үлкенді-кішілі шаралардың тізімімен шектелмеуге тиіс. Одан адамның ортаға қалай қосылып, әрі қарай не істей алатыны көрінуі керек. Алғашқы кездесуден кейін ол қайда барады? Ұдайы қатысып жүруіне қандай мүмкіндік бар? Белсенді араласқысы келсе, оған қандай іс тапсырылады? Өз ұсынысын айтып, ортақ жұмыстың бір бөлігін атқарғысы келген адамға жағдай жасала ма?

Кейде адамдардың ортадан қол үзбеуіне қарапайым қадамның өзі жеткілікті. Ашық кездесу аяқталған соң қызығушылық танытқандарға келесі басқосудың күні мен уақыты бірден айтылады. Кеңес алған адамға қажетті бағдарламаның телефон нөмірін ұстата салмай, оны қабылдайтын маманның аты-жөні беріледі. Оқу аяқталғаннан кейін қатысушылар үйренгенін іс жүзінде қолданып көру үшін шағын топқа бірігеді. Мұндай қадамдар жеке-жеке қарағанда болмашы көрінуі мүмкін. Бірақ адамның бір кездесумен шектелмей, ортаға сіңісуіне көбіне осылар ықпал етеді. Көп адам жинауды жетістік деп тоқмейілсу мен сол кездесуді қоғамдық іске бастайтын алғашқы қадам деп қабылдаудың айырмасы да осында.

Тұрақты қауымдастықтың өткенін ұмыттырмай, бүгінгі ісін алға бастайтын адамдары болуы керек.

Әдетте бұл міндетті топқа бұрыннан қатысып жүргендер атқарады. Олар істің мән-жайын біледі, уағдаластықтың орындалуын қадағалайды, адамдар арасындағы байланысты үзбейді, жауапкершілікті мойнына алады. Ресми кездесулердің арасында да жұмыстың тоқтап қалмауына күш салады. Осындай ұйытқысы болмаса, топтың басқосулары бір-бірімен байланыспай, әрқайсысы жеке шара күйінде қалады.

Бірақ ұзақ уақыт бірге жұмыс істеген ортаның осал тұсы да бар. Бірте-бірте топ мүшелеріне ғана түсінікті сөздер, үйреншікті міндеттер, ортақ естеліктер мен жазылмаған қағидалар қалыптасады. Бұрыннан жүргендер мұны өзара түсіністіктің белгісі деп қабылдайды. Ал жаңадан қосылған адам өзін бөтен сезінуі мүмкін.

Сондықтан қауымдастықтың ашықтығын жаңа адамды қабылдауымен ғана өлшеу жеткіліксіз. Ол келген соң топтың жұмысын түсіне ала ма? Ортаға сіңісуіне біреу көмектесе ме? Қарапайым сұрақ қоюдан қысылмай ма? Оған нақты міндет сеніп тапсырыла ма? Уақыт өте өз ойын айтып, жұмыстың бағытына ықпал ете ала ма? Әлде маңызды істің бәрін бұрыннан жүргендер өзара бөлісіп қойған ба?

Қалыптасқан топ үшін осы тепе-теңдікті сақтау аса маңызды. Бұрыннан жүргендер жиналған тәжірибені жоғалтпайды, ал жаңадан қосылғандар ортаға тың ой мен жаңа серпін әкеледі. Ол үшін кейде үйреншікті жұмыс тәртібін өзгертіп, жаңа міндеттер ұсынуға тура келеді. Шешім қабылдауға кейін қосылғандарды да араластырып, оларды тәжірибелі мүшелермен бірге нақты іске жұмылдырған жөн.

Қауымдастық үнемі жиналғанымен, жаңа адамды жатырқаса, оны толыққанды жетістік деуге болмайды. Бұл топтың бұрын болмаған жаңа кедергіге тап болғанын білдіруі мүмкін. Қауымдастықтың толысқаны осындай өзгерісті дер кезінде аңғарып, жұмысын соған қарай бейімдей алуынан байқалады.

Қалалық желіге ортақ талап, аудандарға өзіндік бағдарлама қажет

Қаладағы қоғамдық орындардың жұмысы жекелеген басшылардың білігіне, мінезіне немесе ішкі түйсігіне ғана байланып қалмауға тиіс. Барлық мекеме үшін орынның қолжетімді әрі қауіпсіз болуы, қатысушыларға көмек көрсету, мамандарды даярлау және атқарылған істің нәтижесін бағалау жөніндегі негізгі талаптар ортақ болғаны жөн.

Бірақ ортақ талап барлық ауданда бірдей бағдарлама жүргізу керек деген сөз емес. Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарының тұрғызылу үлгісі де, тұрғындарының құрамы мен жасы да, қоныс аудару қарқыны да әртүрлі. Мәдени орындары мен бұрыннан қалыптасқан бастамалары да бір-біріне ұқсамайды. Сондықтан бір ауданда жұртқа қолайлы болған жұмыс тәртібі екінші ауданның қажетіне сай келмеуі мүмкін.

Осы себепті бір жерде өткізілген шараны барлық ауданға сол күйінде таратудың пайдасы шамалы. Оның орнына әр мекеме өз төңірегіндегі тұрғындардың жағдайын зерттеп, оларға не қажет екенін анықтай білуі керек. Сол қажеттілікке сай жұмыс ұсынып, тұрғынның қайда және кімге жүгінетінін түсіндіруі, құрылған топтарға демеу көрсетуі қажет. Атқарылған істің нәтижесін саралап, қажет болған жағдайда жұмыс тәсілін өзгерте білуі де маңызды.

Жаңадан бой көтерген тұрғын алабында көшіп келген отбасыларды өзара таныстыру бірінші кезекке шығуы мүмкін. Университеттер орналасқан маңда кәсіби орта, тәлімгерлік және бірлескен жобаларға сұраныс жоғары болады. Ал тарихы қалыптасқан аудандарда жаңа бағдарлама ашудың қажеті болмауы ықтимал. Онда бұрыннан жұмыс істеп жүрген белсенді топтарға бас қосатын орын, сенімді серіктес, аздаған ұйымдастырушылық көмек немесе қалалық мекемелермен байланыс орнатуға жәрдем жеткілікті болуы мүмкін.

Бір ауданда жұрттың көңілінен шыққан жұмысты өзге аудандарда да қайталағың келетіні түсінікті. Алайда бағдарламаны көшіргенмен, сол ортада қалыптасқан сенімді, ұйымдастырушының беделін, топтың жүріп өткен жолын, серіктестерін және табысқа жеткізген жағдайдың бәрін бірге апара алмайсың. Сондықтан сынақ аяқталған соң «бұл бағдарламаны басқа жерде өткізуге бола ма?» деген сұрақ жеткіліксіз. Оның қай қыры, қандай жағдайда тиімді болғанын анықтау қажет. Өзге ауданға шараның дайын қалпын емес, жұртты тұрақты жинау, әртүрлі адамдарды бір ортаға тоғыстыру, ортақ іске жұмылдыру, жаңадан келген адамды жатсынбай қабылдау немесе жергілікті серіктеспен жұмыс істеу тәрізді тиімді жолдарын ұсынуға болады.

Алматының даму бағдарламасында әр ауданның қоғамдық, мәдени және іскерлік өмірі өз ішінде өркендейтін көпорталықты қала қалыптастыру көзделген. Бұл ұстаным қаланың қоғамдық ортасын дамытуда айрықша мәнге ие. Аудандардың бәрі бір-біріне ұқсауға тиіс емес. Ең бастысы – әр ауданның ерекшелігін ескеріп жұмыс істеу және сол жерде жиналған пайдалы тәжірибені бүкіл қалаға жеткізу. Сонда бір жерде сәтті өткен шараны сол күйінде қайталауға емес, одан алынған сабақты өзге ауданның жағдайына бейімдеп қолдануға мүмкіндік туады.

Бір адамсыз жұмыс жүрмейтін орта

Көп қауымдастықтың ұйытқысы болып, өзгелерден көбірек уақыт пен күш жұмсайтын бір адам жүреді. Ол жұртты жинайды, хабарласып тұрады, серіктестермен тіл табысады, бұрынғы уағдаластықтарды ұмытпайды. Жұмыстың қай тұстан ақсай бастағанын да бірінші болып сезеді. Алғашында мұндай белсенді адамның болғаны пайдалы. Бірақ бүкіл іс жалғыз соған қарап қалса, уақыт өте бұл қауымдастықтың әлсіз тұсына айналады.

Қатысушылар мен серіктестердің байланыс деректері, бұрын қабылданған шешімдер және жұмыстың не себепті дәл осылай құрылғаны бір адамның ғана есінде сақталмауға тиіс. Өйткені ол адам кеткенде мекеме қызметкерінен ғана емес, осы уақытқа дейін жиналған тәжірибесінен де айырылуы мүмкін. Топ бұрынғысынша кездесіп жүргенімен, істің мән-жайын қайтадан басынан анықтауға тура келеді. Сондықтан берік қауымдастықта міндетпен бірге тәжірибе мен мағлұмат та ортақ болуы керек.

Мәселен, бір адам жаңадан келгендерді қарсы алады, екіншісі белгілі бір бағытқа жауап береді, үшіншісі серіктестермен байланысады, төртіншісі кездесуді жүргізеді. Топ бұрын қандай шешім қабылданғанын және оған не себеп болғанын біліп отырады. Сәтті шыққан жұмыс та, кеткен қателік те ұмыт қалмай, кейінгі істе ескеріледі.

Қауымдастықпен жұмыс істеу мен кезекті шараны өткізу арасындағы айырма осыдан көрінеді. Әкімші орынның қалыпты жұмыс істеуін қадағалайды. Бағдарламаны ұйымдастырушы оның мазмұны мен сапасына жауап береді. Ал қауымдастық жетекшісі адамдардың тіл табысуына, міндеттердің әділ бөлінуіне, туындаған келіспеушіліктің шешілуіне және жаңадан келгендердің ортаға сіңісуіне жағдай жасайды. Түпкі мақсаты – топтың үнемі сырттан нұсқау күтпей, өз ісін өзі атқара алатын деңгейге жетуі.

Іс жүзінде осы міндеттердің бәрін бір адам атқаруы мүмкін. Бірақ олардың ара-жігін ажырата білген жөн. Әйтпесе қауымдастықтың бүкіл жұмысы мықты қызметкердің жеке еңбегіне байланып қалады: ол жүргенде іс алға басады, кеткенде бәрін қайта бастауға тура келеді. Жақсы ұйымдастырылған орта бір адамға тәуелді болып қалмайды. Оның мүшелері істі өздері жалғастыра алатын дәрежеге жетеді.

Әуелі болжам, содан кейін жұмыс кестесі

Әлеуметтік жобалар көбіне белгілі бір тәртіппен әзірленеді: алдымен ой айтылады, қаржы қарастырылады, жоспар жасалып, мерзімі белгіленеді, содан кейін жоба іске асырылып, есеп беріледі. Бірақ осы арада ең маңызды сұрақ назардан тыс қалып жатады: таңдаған ісіміздің көздеген нәтижеге жеткізетініне қандай негіз бар?

Канададағы Tamarack институты ортақ бастаманы қолға алған топтарға алдағы өзгерістің қалай жүзеге асатынын алдын ала пайымдауды ұсынады. Яғни топ қазіргі жағдайды қандай жолмен өзгертетінін өзара келісіп алады. Ол үшін шешілуге тиіс мәселе, күтілетін нәтиже, таңдалған амал, қолдағы мүмкіндік және істің алға басқанын аңғартатын белгілер бір-бірімен сабақтастырылады. Қалалық мекеме мұның бәрін бір бетке де сыйғыза алады. Маңыздысы – құжаттың көлемі емес, топтың неге сүйеніп әрекет ететінін анық білуі.

Мәселен, қауымдастық орталығы тұрғын үйлер көптеп салынып жатқан ауданда орналасқан делік. Жаңадан көшіп келгендер көлік бағытына, дүкенге, мектепке және күнделікті қажет қызметтерге үйренгенімен, отбасы мен жұмыстан тыс ортада көпшілікпен араласа бермейді. Мұндай жағдайда «тұрғындардың белсенділігін арттыру» деген жалпылама мақсат жеткіліксіз. Одан қандай жұмыс жүргізу керегі де, нәтижені немен өлшейтіні де түсінікті болмайды.

Мақсатты нақтырақ былай белгілеуге болады: бір жылдан кейін жаңа тұрғындардың бір бөлігі сол ауданнан таныс тауып, үнемі баратын қоғамдық орынға үйреніп, өзгелермен бірге іс атқарып, өз бастамасын қайда және қалай ұсына алатынын білуге тиіс.

Содан кейін осы мақсатқа жеткізетін жол айқындалады. Мысалы, жаңа қоныстанғандар мен байырғы тұрғындар шағын топтарға бірігіп, тұрақты түрде ортақ іс атқарса, олардың арасындағы байланыс бір реттік таныстыру шараларына қарағанда тезірек бекиді деген жорамал жасауға болады. Мұндайда жұмыс кестесі жобаның бастауына емес, осы жорамалды тексеретін амалға айналады.

Ауданды зерттеу, тілдесу клубын ашу, мәдени бағыт әзірлеу, жергілікті мұрағат жинау, жас ата-аналар тобын немесе еріктілер бірлестігін құру сырт көзге қызықты көрінгені үшін таңдалмауға тиіс. Ең маңыздысы – бұл жұмыстар көзделген нәтижеге жеткізе ме? Адамдар қайта келе ме? Топқа жаңа қоныстанғандар мен байырғы тұрғындар бірдей қатыса ма? Олар бірге іс атқара ма? Өзара танысып, белгілі бір міндетті мойнына ала ма?

Топ табыстың қандай белгілермен өлшенетінін ғана емес, қай жағдайда таңдаған жолын қайта қарау керегін де алдын ала келісіп алғаны жөн. Мысалы, алғашқы кездесуге адам көп жиналғанымен, кейін ешкім оралмауы мүмкін. Қайта келгендердің өзі өзара араласпай, тек жүргізушімен сөйлесуі ықтимал. Ортақ жұмыс ұйымдастырушы қайта-қайта талап еткенде ғана жүруі мүмкін. Жаңа қоныстанғандар мен байырғы тұрғындар бір бөлмеде отырғанымен, өзара араласпай, екі бөлек топ болып қалуы да ғажап емес. Бағдарлама біткен соң орнаған байланыстың үзіліп кетуі де мүмкін.

Мұндай жағдайларды есепке кедергі келтіретін қолайсыз дерек деп қарауға болмайды. Керісінше, олар бастапқы жорамалдың қаншалықты дұрыс болғанын көрсетеді. Осы тұрғыдан қарағанда, сынақ жұмысы кейін бүкіл қалаға таратылатын дайын бағдарламаның шағын нұсқасы болмауға тиіс. Оның мақсаты – қай тәсілдің қандай жағдайда нәтиже беретінін анықтау.

Сынақ аяқталғаннан кейін оған қанша адам қатысқанын есептеу жеткіліксіз. Қай жорамал расталды? Қайсысы қате шықты? Таңдалған тәсіл кімге көмектесті, кімге ықпал етпеді? Ауданның қандай ерекшелігі нәтижеге әсер етті? Келесі жолы нені өзгерту керек? Қай тәжірибені басқа мекемеге ұсынуға болады, ал қайсысы тек сол ауданның жағдайында ғана тиімді?

Осындай бірнеше сынақтан кейін қалада жекелеген сәтті жобалардың тізімі емес, қоғамдық өзгерістің қалай жүретіні жөнінде жинақталған тәжірибе қалыптасады. Бұл бастапқы жоспарды қайткен күнде де дұрыс деп көрсетуге емес, күткен нәтиже мен шын жағдайды салыстырып, күтпеген құбылыстарды байқап, жұмысты дер кезінде өзгертуге мүмкіндік береді.

Адамдар да, қауымдастықтар да, аудандар да ұзақ мерзімге арналған бағдарламалардан жылдамырақ өзгереді. Сондықтан бір рет сәтті тәсіл тапқан мекеме емес, шешімін үнемі тексеріп, жағдайға қарай жұмысын өзгерте алатын мекеме өміршең болады.

Жанашырлық жұмыс тәртібінен көрінуге тиіс

Жанашырлықты көбіне қызметкердің мінезімен байланыстырамыз: адамды тыңдау, өтінішіне ден қою, жаттанды жауаппен шығарып салмау. Бірақ қалалық мекеменің жұмысы тек қызметкердің кісілігіне қарап қалмауға тиіс. Тұрғынға көрсетілетін көмектің сапасы сол күні алдынан кімнің шыққанына байланысты болмауы керек. Адамдардың күнделікті өмірдегі жағдайы қызмет көрсету тәртібінде алдын ала ескерілгенде ғана жанашырлық қалыпты жұмыс қағидасына айналады.

Тұрғын өз мәселесінің қалай аталатынын білмеуі немесе мекеменің қай бөліміне бару керегін түсінбеуі мүмкін. Қызмет көрсетілетін тілді жетік меңгермеуі ықтимал. Көпшілік алдында сөйлеуге қысылады. Шара өтетін уақытта жұмыста болуы немесе баласын тастап кете алмауы мүмкін. Кейде пайдалы кеңес алғанымен, әрі қарай не істеу керегін ешкім түсіндірмеген соң қайта келмейді. Мұның бәрін «келушілердің ерекшелігі» деп жылы жауып қою оңай. Шын мәнінде, бұл – жұмысты ұйымдастырғанда ескерілуге тиіс нақты жағдайлар.

Адамға деген ықылас алдымен қарапайым әрі түсінікті тәртіптен көрінеді. Мекемені оңай табу, алғаш келгенде не істеу керегін білу, артық әуресіз тіркелу, мәселесін ресми атаулармен емес, өз сөзімен түсіндіру маңызды. Жұмыс уақыты тұрғындарға қолайлы болуы, мәлімет бірнеше тілде берілуі, ал кездесуден кейінгі қадам анық көрсетілуі керек. Кітапхана қызметін дамытуға арналған нұсқаулықта да осыған назар аударылған: адам мекемеге еркін кіріп, жұмыстың мән-жайын түсініп, керекті көмегін алып, қажет болса қайта келе алуға тиіс. Бірнеше тілде қызмет көрсету де бір маманның ынтасына ғана сүйенбеуі керек. Ол үшін қажетті мәтіндер алдын ала дайындалып, бағыттаушы белгілер орнатылып, қызметкерлер оқытылып, тіл білетін серіктестермен байланыс орнатылғаны жөн.

Қауымдастыққа арналған бағдарламаларда бұдан бөлек тағы бір міндет бар. Адам көмек алып қана қоймай, жаңа ортаға қосылудың жолын түсінуі керек. Оны өзгелермен кім таныстырады? Топтағы қалыптасқан тәртіпті кім түсіндіреді? Жаңадан келген адамға бірден көпшіліктің алдына шығып сөйлеуді немесе жоба ұсынуды талап етпейтін қарапайым міндет беріле ме? Ол кейін қандай іске араласа алатынын біле ме?

Сырт көзге жылы әрі жайлы көрінген ортаның өзі жаңадан келген адамды жатсынуы мүмкін. Сондықтан адамға деген ықылас сөзден емес, жұмыстың қалай ұйымдастырылғанынан байқалуға тиіс. Кездесулер тек қызметкерлерге қолайлы уақытта өткізілмеуі керек. Баласымен келген адам қатысу мүмкіндігінен айырылмауға тиіс. Жаңа адамға мән-жайды түсініп, ортаға үйренуге уақыт берілуі қажет. Күрделі кеңестен кейін оған ұзын-сонар сілтемелерді ұсынып қана қоймай, келесі қадамын анық түсіндірген дұрыс. Бұл – әдептілік қана емес, қызметті жұртқа қолжетімді етудің және қалалық қоғамдық ортаның сапасын арттырудың бір жолы

Кітапхана: жұртқа таныс мекеннің артықшылығы

Жаңадан ашылған қоғамдық орын жұртқа танылып, сенімге ие болуы үшін талай жыл қажет. Ал қалалық кітапхананың қалыптасқан ортасы, тұрақты мекенжайы мен жинақталған тәжірибесі бар. Ең бастысы – мұнда келу үшін адамнан белгілі бір мәселесін дәлелдеу немесе қандай да бір жобаға қатысу талап етілмейді. Кез келген адам кітапханаға еркін кіріп, өзіне қажет дүниені таба алады.

Сондықтан кітапхананы қоғамдағы барлық мәселені шешетін әмбебап орталыққа айналдыруға ұмтылмаған жөн. Оның өз болмысына жақын бағыттарды өрістеткен әлдеқайда тиімді. Кітапхана білім алуға, кітап оқуға, тіл үйренуге, өлке тарихын тануға, керекті мәліметті табуға және жұрттың еркін келіп-кетуіне қолайлы тыныш орта болуы керек.

Кітапхана қалаға жаңадан келген тұрғындарды ауданның тарихымен және бүгінгі мүмкіндіктерімен таныстыра алады. Тілдесу клубтарын ұйымдастырып, жергілікті тарихқа қатысты деректер мен естеліктерді жинайды. Шағын топтарға бас қосатын орын береді, мәдени-ағартушылық шараларды табуға көмектеседі. Ал тұрғынның мәселесі кітапхана құзыретіне жатпаса, оны тиісті мекемемен байланыстырады.

Жақсы кітапхана барлық әлеуметтік мәселені өзі шешуге міндетті емес. Ол өз мүмкіндігін дұрыс бағалап, адамға қайда жүгіну керегін көрсете білуге тиіс. Кітапхананың есептерде көп айтыла бермейтін тағы бір артықшылығы бар: мұнда келушіге бірден талап қойылмайды. Адам жай ғана келіп отыра алады, кітап оқиды, топтың жұмысын сырттай бақылайды, әңгімені тыңдайды немесе кейін тағы оралады. Одан сауалнама толтыру, белсенділік таныту, бастама көтеру немесе белгілі бір міндетті мойнына алу талап етілмейді.

Мұндай еркіндік жаңа ортаға бірден араласуға дайын емес адамдар үшін өте маңызды. Адамның өзін қауымдастықтың бір мүшесі ретінде сезінуі «мен енді осы топтамын» деген сөзден басталмайды. Ол сол жерге қайта-қайта келіп, таныс адамдарды көріп, өзін жатсынбай қабылдайтынын сезінген кезде біртіндеп қалыптасады.

Кітапхананың мұндай қызметі жаңадан бой көтерген аудандарда айрықша маңызды. Ондай жерлерде үйлер тез салынады, ал адамдар арасындағы таныстық пен байланыс баяу орнайды. Кітапхана ауданның тарихы мен тұрғындардың естелігі жиналатын, өмір жолы әртүрлі адамдар кездесетін, жаңа мекен туралы ортақ әңгіме өрбитін алғашқы тұрақты орындардың біріне айнала алады. Оның маңызы өзге мекемелердің жұмысын атқаруында емес. Кітапхана – тұрғынның аудан өміріне қиналмай араласуына жол ашатын қолайлы әрі сенімді орын. Осы қасиеті оны қаланың қоғамдық ортасын құрайтын құрақ көрпенің маңызды бір қиығына айналдырады.

Қауымдастық орталығы: мүмкіндіктер тоғысатын орын

Жастарға арналған қауымдастық орталығына әртүрлі мәселемен келеді. Бірі жұмыс іздейді, бірі мамандық таңдауға кеңес сұрайды. Енді біріне психологиялық немесе құқықтық көмек қажет. Білімін толықтырғысы, шығармашылығын шыңдағысы немесе өз бастамасын жүзеге асырғысы келетіндер де бар. Сондықтан мұндай орталық әр жастың қажетіне қарай тиісті мүмкіндікті тауып, керекті адамдармен табыстыратын орын бола алады.

Кәсіби кеңес алған жас кейін сол саланың мамандарымен немесе тәлімгермен танысуы мүмкін. Оқу бағдарламасын аяқтаған соң белгілі бір жобаға қосылады. Ашық кездесуге келген адам тұрақты топтың жұмысына араласады. Ал өз бастамасын ұсынған жасқа бас қосатын орын, ақыл-кеңес немесе серіктес табуға көмектесуге болады.

Жақсы жұмыс адамды бір мекемеде мүмкіндігінше ұзақ ұстаумен өлшенбейді. Кейде орталықтың ең үлкен көмегі – жасты университеттегі бағдарламаға, кітапхана жанындағы топқа, қоғамдық ұйымға, еріктілер қатарына, кәсіби бірлестікке немесе жұмыс берушіге бағыттау.

Меморандум ұйымдардың ынтымақтасуға ниетті екенін ғана білдіреді. Ал күнделікті жұмысқа жарайтын байланыс біртіндеп қалыптасады. Қызметкер серіктес ұйымның қандай бағдарламасы барын, жолданған адамды кім қабылдайтынын және оған қалай хабарласу керегін нақты білуге тиіс. Тұрғынның тиісті жерге барып, қажетті көмекті алған-алмағаны да назардан тыс қалмағаны жөн.

Мұндай байланысты жұмыстың жеке нәтижесі ретінде бағалау қажет. Адам тиісті мекемеге жете алды ма? Іздеген көмегін алды ма? Оған тағы не қажет болды? Бұл туралы оны алғаш қабылдаған ұйым хабардар ма? Алынған мәліметке қарай жұмыс тәртібі өзгере ме? Ұйымдар арасындағы жақсы байланыс адамды бір жерден екінші жерге бағыттаумен шектелмейді. Ол жиналған тәжірибенің де ортақ игілікке айналуына мүмкіндік береді.

Мәселен, кітапхана жас ата-аналарды белгілі бір бағдарламаға үнемі жіберіп отыр делік. Бірақ олардың жартысы алғашқы кездесуден кейін бармай қойса, мұның себебін екі ұйым да білуге тиіс. Қауымдастық орталығы белгілі бір курсты аяқтағандардың бас қосатын орын іздейтінін жиі байқаса, демек, жастар арасында осындай қажеттілік туындаған. Ал бір ауданда тұрғындардың бастамасын қолдаудың тиімді жолы табылса, өзге мекемелер атқарылған істі ғана емес, оның не себепті нәтижелі болғанын да түсінуі керек.

Сонда қалалық мекемелердің ынтымағы қызметкерлердің жеке таныстығына байланып қалмайды. Ұйымдар тұрғынға керекті мүмкіндікті бірге тауып, өзара тәжірибе алмасып отырады. Мұндай күнделікті байланысты стратегиялық құжаттан аңғару қиын, ал оны қалыптастырған қызметкерлер ауысса, үзіліп қалуы оңай. Сондықтан мекемелер арасындағы байланысты әдейі жолға қою, оның қаншалықты тиімді екенін тексеру және жиналған тәжірибені өзгелермен бөлісу қоғамдық ортаны дамытудың жеке бір бағыты болуы керек.

Аудан – адамдар арасындағы байланыс қалыптасатын табиғи орта

Алматы үлкен болғанымен, әр тұрғынның күнделікті өмірі көбіне өз ауданының төңірегінде өтеді. Ол белгілі бір көшелермен жүреді, өз ауласында демалады, жақын маңдағы мектепке, емханаға, дүкенге және аялдамаға барады. Сондықтан адамдардың бір-бірімен қаншалықты араласатынын жалпы қалалық сандардан емес, әр ауданның тыныс-тіршілігінен анық байқауға болады.

Ауданда жұрт бас қосатын қандай орындар бар? Қай топпен кім жұмыс істейді? Қандай бастама адамдарды үнемі жинап жүр? Жаңадан келген адамды қай мекеме қабылдай алады? Тұрғындар қандай мүмкіндіктерден бейхабар? Осы сұрақтарға жауап беретін ауданның қоғамдық картасын жасау қажет.

Бұл мекемелердің атауы мен мекенжайы жазылған қарапайым тізім болмауға тиіс. Картадан әр орынға кімдердің баратыны, қандай мәселемен жүгінетіні, ол жерден кейін қайда бағытталатыны және жаңа бастамаға кімнің қолдау көрсете алатыны көрінуі керек. Мұндай мәліметті ауданда күнделікті еңбек ететін кітапханашылар, мұғалімдер, жастармен жұмыс істейтін мамандар, дәрігерлер, кәсіпкерлер, аула белсенділері мен қоғамдық ұйым өкілдері бірігіп жинай алады.

Осы арқылы ресми есептерде аты аталмайтын, бірақ аудан өміріне ықпалы зор адамдар да анықталады. Бірі жастарды спортқа баулиды, бірі жас аналарға қолдау көрсетеді, енді бірі көршілердің ортақ мәселесін шешуге атсалысады. Олардың білімі, тәжірибесі мен ел арасындағы беделі – қала үшін бағалы қазына.

Болжамды әуелі шағын ауқымда тексеру керек

Әлеуметтік жобаны бірден бүкіл қалада қолға алғаннан гөрі, алдымен бірнеше ауданда байқап көрген жөн. Мәселен, жаңа тұрғынға маңайындағы кітапхана, жастар орталығы, түрлі үйірме мен бірлестіктер туралы анық мәлімет берілсе, ол жаңа ортаға тезірек үйреніп, аудан тұрғындарымен жақынырақ араласа ма? Алғашқы сынақ осыны анықтауға көмектеседі.

Жаңа қоныстанған адам ең алдымен кітапханаға немесе жастар орталығына бара алады. Онда оған қаладағы мекемелердің ұзын-сонар тізімі емес, өзі тұратын ауданның мүмкіндіктері түсінікті тілмен таныстырылуы керек. Қайда білімін толықтыра алады? Тіл үйренетін немесе мамандар бас қосатын ортаны қайдан табады? Спортпен айналысатын не еріктілер тобына қосылатын жер бар ма? Нақты мәселемен кімге жүгінеді? Осы сұрақтардың жауабы бір жерден табылғаны дұрыс.

Одан кейін жаңа тұрғынды ауданда белсенді жұмыс істеп жүрген адамдармен таныстыруға болады. Қызығушылығына қарай тұрақты топқа қосылуына да мүмкіндік беріледі. Ол тілдесу клубы, мамандар бірлестігі, кітап оқу үйірмесі, өлкетану тобы, ата-аналар клубы немесе ауданды танып-білуге арналған бастама болуы мүмкін.

Ортақ іс қолға алынғанда адамдар арасындағы байланыс та беки бастайды. Олар ауданның мәдени орындарын қамтитын бағыт әзірлейді, тұрғындардың естеліктерін жинайды, күнделікті қызметтердің жұртқа қаншалықты қолжетімді екенін зерттейді. Жаңа көршілерге арнап кездесу өткізуі немесе еріктілер тобын құруы да мүмкін. Осындай жұмыстың барысында бір бөлмеде жай ғана қатар отырған адамдар бір-бірін танып, ортақ іске жұмылған қауымға айналады.

Уақыт өте әр адамның ортадағы орны да өзгереді. Бірнеше ай бұрын өзі кімге жүгінерін білмей келген тұрғын енді жаңадан қосылған адамға жөн сілтейді. Кездесуді жүргізіп, қажетті адамдармен таныстырады. Осылайша оның өз басынан өткен тәжірибесі кейін келгендерге пайдасын тигізеді.

Жүргізілген сынақты қанша адам келгенімен немесе қатысушылардың көңілінен шыққан-шықпағанымен ғана бағалау жеткіліксіз. Алғашқы кездесуден кейін қанша адам қайта оралды? Кім тұрақты топқа қосылды? Жаңа таныстық қай жерде басталды? Өз бастамасын кім ұсынды? Адамдар қай тұста ортадан қол үзді? Қай әрекеттің пайдасы болмады? Таңдалған жолдың қаншалықты тиімді екенін осы сұрақтардың жауабы көрсетеді.

Жалпы есептен гөрі, адамның тәжірибесін талдаған пайдалы

Қоғамдық ортаның жай-күйін білу үшін бірден көлемді зерттеу жүргізудің қажеті жоқ. Соңғы бірнеше бағдарламаны таңдап, оған келген адамдардың кейін не істегенін қарастырудың өзі талай мәселенің бетін ашады.

Адам бұл жерге не іздеп келді? Кездесуден кейін қайда барып, не істеу керегін түсінді ме? Қайта келді ме? Жаңа адамдармен танысты ма? Қандай да бір іске араласты ма? Оны қабылдаған мекеме кейінгі жағдайынан хабардар болды ма?

Бұл сұрақтарға «жоқ» деп жауап берілуі жұмыстың нашар атқарылғанын білдіре бермейді. Кейде бір кеңестің өзі адамның мәселесін толық шешеді. Дәрістің мақсаты қауымдастық құру емес, қажетті мәлімет беру болуы мүмкін. Кәсіптік бағдар алған адам жұмысқа орналасса, оның қайта келмеуі – жұмыстың нәтижелі болғанының белгісі. Сондықтан адамды мекемеде ұзақ ұстауға емес, алдына қойған мақсатына жеткен-жетпегеніне мән берген жөн.

Осындай саралау күнделікті есептен байқалмайтын олқылықтарды көрсетеді. Мысалы, жаңадан келгендерді таныстыруға арналған шара көп болғанымен, кейін тұрақты жиналатын топ болмауы мүмкін. Немесе бұрыннан қалыптасқан орта жаңа адамды қабылдамайды. Тұрғынға жақсы кеңес берілгенімен, одан әрі қайда жүгінетінін өзі іздеуге тура келеді. Кейде мекеме басшылары өзара ынтымақтастық туралы білгенімен, жұртпен күн сайын жұмыс істейтін мамандардың одан хабары болмайды.

Жұмыс сырт көзге жақсы жүріп жатқандай көрінгенімен, мекемелер арасындағы байланыс екі-үш қызметкердің жеке таныстығына ғана сүйенуі мүмкін. Олар қызметтен кетсе, сол байланыс та бірге үзіледі. Сондықтан сәтті шыққан жұмысты бағалаумен қатар, оның бір адамға, бір серіктеске немесе бір орынға қаншалықты байланып қалғанын да анықтау керек.

Саралау кемшіліктерді тізіп шығумен аяқталмауға тиіс. Оның қорытындысы бойынша келесі жұмысқа кемінде бір өзгеріс енгізілуі қажет. Сонда есеп атқарылған істі түгендейтін құжат қана болмай, алдағы жұмысты жақсартуға пайдасын тигізеді.

Көздеген нәтижемізді өлшей білуіміз керек

Қанша адам келгені, қанша кеңес беріліп, қанша шара өткені де есепке алынуға тиіс. Бұл сандар атқарылған жұмыстың ауқымы мен қарқынын көрсетеді. Алайда ұйым жұмысы қандай көрсеткішпен бағаланса, бар күшін соны арттыруға жұмсайды. Негізгі талап шара санын көбейту болса, мекеме жиі шара өткізуге тырысады. Ал көпшілік жинау басты орынға шықса, жұмыстың мазмұнынан гөрі адам тартуға көбірек көңіл бөлінеді.

Сондықтан нені есепке алатынымыз ұйымның қандай нәтижеге ұмтылатынына тікелей әсер етеді.

Бір рет берілген кеңестің пайдасы адамның мәселесі шешілгенде байқалады. Оқу бағдарламасының нәтижесі алған білімін іс жүзінде қолдана білуімен өлшенеді. Ал қауымдастықтың орнығуы адамның қайта келуінен, жаңа таныс табуынан, ортақ іске араласуынан және топтың үнемі сырттан нұсқау күтпей, өз жұмысын өзі жалғастыра алуынан көрінеді.

Ол үшін жүздеген көрсеткіш ойлап табудың қажеті жоқ. Бірнеше сұрақтың жауабы жеткілікті. Жаңадан келгендердің қаншасы кейін қайта оралды? Қанша топ жұмысын тоқтатпай жалғастырды? Кім ерікті, тәлімгер немесе бастама иесі болды? Мекемелер бір-бірімен күнделікті жұмыс барысында байланыса алды ма? Қатысушылардың ұсынысы бағдарламаға өзгеріс енгізді ме? Ұйымдастырушылардың көмегі тоқтағаннан кейін де ортақ іс жалғасты ма?

Бұл мәліметтер аудандарды өзара жарыстыру үшін емес, қалада жиналған тәжірибені саралау үшін қажет. Бір көрсеткіш жасөспірімдер клубында бір мағына берсе, мамандар ортасында немесе көршілер бастамасында мүлде басқа жайды аңғартуы мүмкін. Сондықтан жалаң санға емес, үнемі қайталанатын жағдайларға назар аударған дұрыс. Адамдар көбіне қай тұста ортадан қол үзеді? Олардың қайта келуіне не себеп болады? Бір ауданда тиімді болған тәсілдің қай қырын өзге ауданның жағдайына бейімдеуге болады?

Күтпеген жағдайларды да назардан тыс қалдырмау керек. Шараға көп адам келгенімен, кейін ешкім оралмауы мүмкін. Өзара ынтымағы берік топ жаңадан қосылған адамды жатырқайды. Жұртқа ұнаған бағдарламаның бүкіл жұмысы жалғыз жүргізушіге байланып қалуы ықтимал. Осындай жағдайлар бастапқы ойдың қай жерден жаңсақ болғанын көрсетеді. Оларды жасырмай талдаса, жобаға көп қаржы мен уақыт жұмсалмай тұрғанда қажетті өзгеріс енгізуге болады.

Құрақ көрпе: әр ауданның өрнегі бөлек

Алматының қоғамдық өмірі бір-біріне ұқсамайтын сан алуан ортадан құралады. Олардың бәрін бір қалыпқа салудың қажеті жоқ. Құрақ көрпенің көркі әр қиықтың өзіндік өрнегі сақталып, бір-бірімен үйлесімді жалғанғанда ашылады. Қаланың ынтымағы да мекемелер мен адамдар арасындағы байланыстың қаншалықты берік екеніне байланысты.

Бүкіл қалаға арналған жалғыз бағдарлама жасағаннан гөрі, бәріне ортақ жұмыс тәртібін қалыптастырған жөн. Әр аудан өз тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін білуі, әр мекеме қолға алған ісін алдымен шағын ортада байқап көруі, ал тұрғын өзіне қажет көмекті қайдан алып, әрі қарай қайда баратынын түсінуі керек. Бір жерде жиналған тәжірибені өзге аудандарға жеткізіп отыратын жол да болғаны дұрыс.

Мысалы, кітапхана белгілі бір топтың алғашқы кездесуден кейін қайтып келмейтінін байқаса, оның себебін анықтауы қажет. Жастар орталығы шағын бастамаларға қолдау көрсетудің тиімді жолын тапса, өзге мекемелер атқарылған жұмыстың өзін ғана емес, оның қандай жағдайда нәтиже бергенін де білуге тиіс. Сонда бір мекеменің тәжірибесі бүкіл қалаға пайдасын тигізеді.

Ол үшін барлық бағдарламаның мазмұнын орталықтан белгілеп отырудың қажеті жоқ. Тұрғындардың қажетін зерттеу, қолға алынатын істің нәтижесін алдын ала пайымдау, атқарылған жұмысты бағалау және жиналған тәжірибені өзгелермен бөлісу тәртібі ортақ болуы мүмкін. Ал әр ауданның нақты жұмысы сол жердегі халықтың қажетіне қарай құрылуға тиіс.

Қауымдастықпен жұмыс істейтін маманның міндеті де шара өткізумен шектелмеуі керек. Ол ауданның тыныс-тіршілігін біліп, адамды керекті мүмкіндікпен табыстыруы, түрлі мекемелер мен топтардың араласуына дәнекер болуы қажет. Жергілікті ортада жиналған тәжірибені қалаға ортақ пайдаға жарату да – осы жұмыстың бір бөлігі. Уақыт өте келе қауымдастық мүшелері де ортақ істің жауапкершілігін өзара бөлісе бастағаны жөн.

Сонда құрақ көрпе алуан түрлі қаланың бейнесі ғана емес, қоғамдық ортаның қалай құрылуға тиіс екенін аңғартатын мағыналы нышанға айналады. Көрпенің беріктігі қиықтарының санына емес, тігісінің беріктігіне байланысты. Қаладағы сондай «тігістер» – адамдар арасындағы сенім, істің үзілмей жалғасуы, ортақ жауапкершілік, келесі мүмкіндікке жол көрсету және бір қауымдастықтың екіншісіне қолдау көрсете білуі.

Қаладағы байланыс жекелеген белсенді адамдардың ынтасына ғана қарап қалмауға тиіс. Ол арнайы назар аударылатын, мамандар жауап беретін тұрақты жұмысқа айналғанда ғана қоғамдық орта нығаяды. Сонда қауымдастықпен жұмыс істеу адамдарды бір жерге жинаумен шектелмейді. Бұл – мекемелердің өзара тіл табысуына, тұрғынның керекті ортаны табуына және бір ауданда жиналған тәжірибенің бүкіл қала игілігіне жарауына көмектесетін маңызды қызмет.

Қала ешқашан біржола қалыптасып бітпейді. Адамдар өзгереді, жаңа қажеттіліктер мен жаңа кедергілер пайда болады. Сондықтан мінсіз қалып іздегеннен гөрі, туындаған мәселені дер кезінде байқап, ашық талқылап, әлсіз тұсты түзете білу әлдеқайда маңызды.

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ