05.10.2026

Тұрғындар мемлекеттік мекемелерге күн сайын түрлі сауалмен жүгінеді. Бірі коммуналдық қызметке қатысты мәселені көтерсе, енді бірі құжат рәсімдеу тәртібін білгісі келеді. Мұндайда адамға ұзақ түсіндірмеден гөрі нақты жауап қажет. Алматыдағы Open Almaty 109 байланыс орталығы осы бағытта жинақтаған тәжірибесін Ұлытау облысының мамандарымен бөлісті.

Облыс әкімдігінің қызметкерлеріне арналған практикалық семинарды Open Almaty 109 бірыңғай байланыс орталығы екінші желісінің директоры Камила Утетлеуова өткізді. Кездесуде тұрғындардың өтініштерін жүйелеу, жиі қойылатын сұрақтарға ортақ жауап әзірлеу және ақпараттың қолжетімділігін арттыру жолдары талқыланды.

Тұрғынның сұрағына жауап беру мен оның мәселесін шешуге көмектесу – екі бөлек нәрсе. Мәселен, азамат белгілі бір қызметті қалай алуға болатынын сұраса, оған мекеменің атауын айту жеткіліксіз. Қайда бару керек, қандай құжат дайындау қажет, қанша уақыт күтуі мүмкін – осының бәрі түсінікті болуы тиіс.

Алматыда мұндай мәліметтер бірыңғай білім қорына жинақталады. Онда тұрғындар жиі көтеретін мәселелер бойынша жауаптар мен әрекет ету тәртібі қамтылады. Соның нәтижесінде адам байланыс орталығына қоңырау шалса да, әлеуметтік желі арқылы хабарласса да, бірізді ақпарат ала алады.

Семинарда алматылық мамандар бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін нақты мысалдармен көрсетті. Қатысушылар тұрғындардан түскен өтініштерді талдап, жиі қайталанатын сұрақтарды іріктеді. Әр мәселенің қай мемлекеттік органның құзыретіне жататынын анықтап, тұрғынға түсінікті жауап дайындауды үйренді.

Тәжірибелік сабақта мемлекеттік органдардың ресми жауаптарына да назар аударылды. Қатысушылар олардың мазмұнын талдап, күрделі түсіндірмелерді қарапайым әрі нақты нұсқаулыққа айналдырды. Бұл үшін арнайы әзірленген әдістемелік құралдар мен жұмыс дәптерлері пайдаланылды.

Тұрғындардың қандай мәселеге жиі тап болатынын әлеуметтік желілерден де байқауға болады. Сондықтан Open Almaty 109 тәжірибесінде ондағы өтініштер мен пікірлер де ескеріледі. Қай сұрақ жиі қойылады? Қандай қызметтің тәртібі көпшілікке түсініксіз? Қай мәселе бойынша қосымша ақпарат қажет? Осындай сауалдардың жауабы білім қорын толықтыруға негіз болады.

Дегенмен ақпаратты бір рет жинақтау жеткіліксіз. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі, қажетті құжаттар тізімі немесе жауапты мекеменің байланыс деректері өзгеруі мүмкін. Сол себепті білім қорындағы мәліметтер үнемі тексеріліп, жаңартылып отыруы керек. Семинарда осы жұмысты ұйымдастыру және жауапты мамандардың міндеттерін айқындау мәселесі де қаралды.

Алдағы уақытта тұрғындардың өтініштерін талдау мен өңдеу жұмысына жасанды интеллект технологияларын енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр.

«Цифрландыру және жасанды интеллект жылында цифрлық шешімдердің тұрғындарға нақты пайда әкелуі ерекше маңызды. Бірыңғай білім қоры халықпен кері байланыстың сапасы мен жылдамдығын арттыруға көмектеседі. Ал жасанды интеллект технологиялары өтініштерді талдау мен өңдеуді одан әрі жеделдетуге мүмкіндік береді», – деді Алматы қаласының Мониторинг және жедел әрекет ету орталығы директорының орынбасары Қуандық Ізтелеуов.

Алматының бұл тәжірибесі Ұлытау облысының мамандарына тұрғындармен жұмысты ұйымдастырудың нақты тәсілдерін таныстыруға мүмкіндік берді. Ал мұндай жүйенің басты артықшылығы – азаматтың әр жолы бір сұрақпен бірнеше мекемеге жүгінбей, өзіне қажетті мәліметті түсінікті әрі толық алуына жағдай жасау.

 

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ