20.07.2026

Көлеңкесі жоқ аялдамалар, күнге әбден қызған аулалар мен аптаптан паналайтын жері тапшы көшелер. «Шұғыла» шағынауданының тұрғындары мамандармен бірге жазда жүру қиын учаскелерді анықтап, ауданды салқын әрі жайлы етудің жолдарын ұсынды.

18 шілдеде Наурызбай ауданында Cool Almaty жобасы аясында тәжірибелік шеберлік сабағы өтті. Іс-шараны Роза Люксембург атындағы халықаралық қордың гранттық қолдауымен Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қоры және «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ ұйымдастырды. Кездесу қалалық кітапханалар желісінің Наурызбай ауданындағы ғимаратында өтті.

Алдымен қатысушыларға шағынауданда жүргізілген микроклиматтық зерттеудің нәтижелері таныстырылды. Ауа температурасы мен ылғалдылық деңгейіне қатысты деректер тығыз құрылыс пен жасыл желектің аздығы қаладағы «жылу аралдарының» пайда болуына қалай әсер ететінін көрсетті.

Мамандар көшедегі температураны төмендетудің нақты тәсілдерін де ұсынды. Олардың қатарында шағын аумақтарды көгалдандыру, көлеңкелі қалқалар орнату және күн сәулесін шағылыстыратын, қызуы баяу материалдарды пайдалану бар.

Кездесудің негізгі бөлігі «Шұғыла» шағынауданының ірі картасымен жұмыс істеуге арналды. Тұрғындар қатты ысып кететін аулалар мен көшелерді, көлеңкесі жоқ аялдамаларды белгіледі. Сонымен бірге қазірдің өзінде саясы мол, жайлы орындарды көрсетіп, алдымен ағаш отырғызу қажет аумақтарды таңдады.

Жиналған мәліметтер мен ұсыныстарды сарапшылар өңдейді. Кейін олар Наурызбай ауданын абаттандыру және көгалдандыру кезінде ескеру үшін ресми ұсыным ретінде әкімдікке жолданады.

Климаттық шеберханалар топтамасы жалғасын табады. Келесі кездесу 1 тамызда қалалық кітапханалар желісіне қарасты Alatau Creative Hub алаңында өтеді. Бұл жолы Алатау ауданының тұрғындары өз аудандарындағы аптап ыстық сезілетін және демалуға жайлы орындарды картаға түсіреді.

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ