12.11.2026

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қалай анықтауға болады? Заң бұзушылықтардың алдын алып, мекеме жұмысының ашықтығын қалай қамтамасыз етуге болады? Осы мәселелер Алматы қаласы әкімдігінің Жобалық офисі ұйымдастырған кеңесте талқыланды. Жиынға «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК қызметкерлері қатысты.

Кездесу «Мемлекеттік басқаруды жаңғырту» бағыты аясындағы № 4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағытын іске асыру шеңберінде өтті.

Жиында жемқорлықтың алдын алудың нақты тетіктеріне басымдық берілді. Мамандар ішкі бақылауды ұйымдастыру, ықтимал заң бұзушылықтарды дер кезінде анықтау және тәуекелдерді басқару жолдарын қарастырды. Бұл ретте музей мекемелері қызметінің ерекшеліктері ескерілді.

Қатысушылар күнделікті жұмыста туындайтын мәселелерді ортаға салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын орындауға қатысты сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ мекеменің ішкі жұмыс тәртібін жетілдіру жөнінде әдістемелік ұсынымдар берілді.

Кездесуде қызметкерлердің жеке жауапкершілігін арттыру, заң талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыру мәселелеріне де назар аударылды.

Аталған жұмыс Жобалық басқару қағидалары мен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты тұжырымдамасына сәйкес жүргізілуде.

Алматы қаласы әкімдігінің Жобалық офисі қалалық ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсету жұмысын жалғастырады. Негізгі мақсат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ерте кезеңде анықтау, олардың алдын алу шараларын күшейту және басқару жүйесінің ашықтығын арттыру.

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ