Алматы қаласында Satbayev University базасында екінші қалалық Эко-Хаб өз жұмысын бастады. Бұл – қалдықтарды бөлек жинау мәдениетін дамытуға, экологиялық ағартуға және тұрғындарды тұрақты тұтыну қағидаттарына тартуға бағытталған заманауи экологиялық алаң.
Жаңа орталық студенттерге, оқытушыларға және қала тұрғындарына қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды тапсырып қана қоймай, экологиялық өмір салты туралы білім алуға, шеберлік сабақтарына, дәрістерге, еріктілер акцияларына және басқа да экологиялық бастамаларға қатысуға мүмкіндік береді.
Эко-Хаб қызметінің негізгі бағыттарының бірі – айналмалы экономика қағидаттарын тәжірибе жүзінде көрсету. Келушілер пластик қалдықтарының қалай қайта өңделіп, жаңа өнімдерге айналатынын көре алады. Мұнда жиналған пластиктен телефонға арналған тұғырлар, брелоктар, шахмат жиынтықтары, сағаттар және басқа да пайдалы бұйымдар жасалатын болады.
Жаңа Эко-Хабтың ашылуы жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау дағдыларын дамытуға және қалдықтарды сұрыптау тәжірибесін кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Сонымен қатар орталықта экологиялық білім беру мен қоғамның экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылады.
Мұндай алаңдардың дамуы Алматы қаласында қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыруға, қайта өңдеу көлемін арттыруға және полигондарға жіберілетін қалдықтар мөлшерін азайтуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде қаланың тұрақты дамуына және қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға үлес қосады.
Эко-Хаб жұмыс күндері сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Тұрғындар мен студенттер тарапынан сұраныс жоғары болған жағдайда демалыс күндері де жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылуда.
Айта кету керек, Алматы қаласында Эко-Хабтар желісін дамыту экологиялық жауапты қоғам қалыптастыруға, тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеу процесіне тартуға және қаланың экологиялық тұрақтылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады.

