09.10.2026

2026 жылғы 12 қазан мен 1 қараша аралығында Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша тұрғындардан жобалық ұсыныстар қабылданады. Іріктеуден өтіп, дауыс беру нәтижесінде халықтың қолдауына ие болған жобаларды аудан әкімдіктері 2027 жылы жүзеге асырады.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы алматылықтар өз аудандарын абаттандыруға, қоғамдық орындарды көркейтуге қатысты бастамаларын ұсынып, қай жобалардың жүзеге асатынын анықтауға тікелей қатыса алады.

Өтінімдер budget.open-almaty.kz интернет-порталы арқылы онлайн қабылданады.

Ол үшін жобаның атауы мен сипаттамасын жазып, жүзеге асырылатын жердің мекенжайын көрсету, сондай-ақ нобайы мен шығындар сметасын тіркеу қажет.

Жоба нобайы мен шығындар сметасының алдын ала жасалған нұсқасын ұсынуға болады. Өтінім беру кезінде толық жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу міндетті емес. Нобайда ұсынылған өзгерістердің жалпы көрінісі көрсетілсе, сметада жобаны жүзеге асыруға шамамен қанша қаражат қажет екені есептелуі тиіс.

Ұсынылатын жобалар мынадай талаптарға сай болуы керек:

  • Нысан көпшіліктің пайдалануына арналуы тиіс;
  • Жоба тиісті аудан тұрғындары үшін өзекті болуы қажет;
  • Оны жүзеге асыру аудан әкімдігінің құзыретіне кіруі керек;
  • Жоба қосымша нысандар салуды қажет етпейтін, толық аяқталған шешім ретінде ұсынылуы тиіс;
  • Жоба жеке коммерциялық мақсатты көздемеуі керек;
  • Бір жобаның құны 324,3 миллион теңгеден аспауы тиіс.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тұрғындар мына бағыттар бойынша жобалар ұсына алады:

  1. Аумақтарды көгалдандыру.
  2. Жаяу жүргіншілер жолдарын абаттандыру.
  3. Жаяу жүргіншілер жолдарын, пандустар мен арықтарды салу және жөндеу.
  4. Қоғамдық орындарды, оның ішінде саябақтарды, гүлзарларды, жаяу жүргіншілер аймақтарын, көшелер мен өзге де нысандарды салу, жөндеу және жарықтандыру.
  5. Жол жиектастарын, төсемтастар мен тіреу қабырғаларын жөндеу.
  6. Заңсыз қоқыс орындарын жою.
  7. Қоғамдық орындарда күркелер, орындықтар, қоқыс жәшіктері, балалардың ойнауына және ересектердің демалуына арналған жабдықтар мен құрылымдарды орнату және жөндеу.
  8. Аулалар мен қоғамдық орындарда спорт алаңдарын, оның ішінде жаттығу алаңдарын, футбол, баскетбол және волейбол алаңдарын, сондай-ақ балалардың ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарықтандыру.
  9. Санитариялық жағдайды жақсарту.

Өтінімдер қалай қаралады?

Өтінім қабылдау аяқталғаннан кейін Алматының аудандық сарапшылық кеңестері тұрғындар ұсынған жобаларды белгіленген талаптарға сәйкестігі бойынша қарайды.

Сараптау барысында жобаның тұрғындар үшін қаншалықты маңызды екені, оны жүзеге асыру мүмкіндігі, абаттандыру бағыттарына сәйкестігі және бұрын орындалған жобаларды қайталамайтыны ескеріледі.

Қарау нәтижесінде әр өтінімге үш мәртебенің бірі беріледі:

  • «Дауыс беруге жіберілді» – жоба барлық талапқа сай келеді және келесі кезеңге өтеді.
  • «Пысықтауға жіберілді» – өтінімдегі кемшіліктерді түзету қажет.
  • «Қабылданбады» – жоба бағдарлама талаптарына сәйкес келмейді.

Бағдарлама ережелеріне толық сәйкес келетін жобалар мақұлданып, тұрғындардың дауыс беруіне ұсынылады.

Егер өтінім пысықтауға жіберілсе, авторға кемшіліктерді түзетіп, жобасын қайта ұсынуға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы хабарлама порталға тіркелген кезде көрсетілген электрондық поштаға жолданады.

Жеңімпаздар қалай анықталады?

Дауыс беру budget.open-almaty.kz порталы арқылы онлайн өтеді. Алматы тұрғындары өздері маңызды деп санайтын жобаларды қолдай алады.

Дауыс беру қорытындысы бойынша сарапшылық кеңестер тұрғындардың таңдауын және бөлінген бюджет көлемін ескере отырып, жүзеге асырылатын жобаларды анықтайды.

Жеңімпаз жобаларды Алматы қаласының аудан әкімдіктері жүзеге асырады.

Өтінімдердің қаралу барысы, дауыс беру кезеңі және іріктеу нәтижелері туралы ақпарат budget.open-almaty.kz порталында жарияланады.

Бағдарламаға қатысу тәртібі бойынша қосымша ақпарат пен кеңесті Алматы қаласының аудан әкімдіктерінен, сондай-ақ 224-39-29 (ішкі нөмірі 203) телефоны арқылы Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдау бөлмесінен алуға болады.

ТӨРАҒАНЫҢ БЛОГЫ