Алматыда 2027 жылға арналған «Халық қатысатын бюджет» жобаларына дауыс беру басталды
Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша онлайн дауыс беру басталды. 20–30 қараша аралығында қала тұрғындары аулаларды, саябақтар мен қоғамдық орындарды абаттандыруға арналған жобаларды таңдай алады. Биыл дауыс беруге 471 жоба жіберілді.
Биыл алматылықтар бағдарламаға белсенді қатысып, өз ұсыныстарын жолдады. 12 қазан мен 1 қараша аралығында тұрғындардан 2 128 өтінім түсті. Оларды 2–19 қараша аралығында аудан әкімдіктері жанындағы сарапшылық кеңестер қарап, белгіленген талаптарға сәйкестігін тексерді. Нәтижесінде 471 жоба дауыс беруге жіберілді.
Ең көп ұсыныс Наурызбай ауданынан түскен. Мұнда тұрғындар 602 жоба ұсынған. Жетісу ауданынан 499, Алатау ауданынан 233, Бостандық ауданынан 208, Медеу ауданынан 180, Алмалы ауданынан 166, Әуезов ауданынан 156, ал Түрксіб ауданынан 84 өтінім қабылданды.
Ұсыныстардың басым бөлігі аулалар мен қоғамдық орындарды абаттандыруға қатысты. Атап айтқанда, 878 жоба орындықтар, күркелер, қоқыс жәшіктері мен балаларға арналған ойын жабдықтарын орнатуды және жөндеуді көздейді.
Сондай-ақ саябақтарды, гүлзарлар мен жаяу жүргіншілер аймақтарын салуға және жаңартуға қатысты 324 ұсыныс түскен. Балалар мен спорт алаңдарын жабдықтау бойынша 235, тротуарлар, пандустар мен арықтарды салу және жөндеу бойынша 228 жоба ұсынылған. Ал 151 өтінім аумақтарды көгалдандыруға арналған.
Дауыс беруге қалай қатысуға болады?
Дауыс беруге Алматы қаласында тұрақты тіркеуі бар, 18 жасқа толған тұрғындар қатыса алады.
Ол үшін budget.open-almaty.kz сайтына кіріп, «Голосование» бөлімін таңдау қажет. Онда дауыс беруге жіберілген жобалармен танысып, өзіңізге ұнаған ұсыныстарды қолдай аласыз.
Әр тұрғын үш жобаға дейін дауыс бере алады. Таңдауын растау үшін электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) немесе SMS арқылы жіберілетін код қажет.
Дауыс беру 2026 жылғы 30 қарашаны қоса алғанда жалғасады. Ең көп дауыс жинаған жобаларды аудан әкімдіктері 2027 жылы жүзеге асырады.
Бағдарлама туралы қосымша ақпаратты аудан әкімдіктерінен немесе Алматы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдау бөлмесінен алуға болады. Байланыс телефоны: 224 39 29 (ішкі нөмірі – 203).
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы арқылы алматылықтар өз аудандарындағы мәселелерді шешуге арналған жобаларды ұсынып, олардың қайсысы жүзеге асырылатынын таңдауға қатысады.
Қала тұрғындарын 30 қарашаға дейін дауыс беріп, өз аудандарын абаттандыруға арналған жобаларды қолдауға шақырамыз.

