«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ пен Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
«Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ пен Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қоры ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Алматыны орнықты дамытуға, қалалық ортаны жақсартуға және қоғам үшін маңызды бастамаларды бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған.
Меморандум аясында тараптар өздерінің білімі мен тәжірибесін тоғыстырып, қаланың өмір сүруге қолайлы болуына ықпал ететін жобаларды әзірлейді. Бұл жұмысқа тұрғындарды, сарапшыларды, бизнес өкілдері мен мемлекеттік органдарды тартуға басымдық беріледі.
Бірлескен жобалар урбанистика, климат өзгерісіне бейімделу, экология, қоғамдық кеңістіктерді дамыту, қалалық көлік қатынасы және тұрғындардың өмір сапасын арттыру бағыттарын қамтиды. Сондай-ақ зерттеулер жүргізу, талдамалық материалдар әзірлеу, білім беру бағдарламалары мен форумдар өткізу жоспарланған. Тараптар дәрістер, пікірталастар мен тәжірибелік семинарларды да бірлесіп ұйымдастырады.
Қаланы дамытуға қатысты шешімдер зерттеу нәтижелеріне, нақты деректерге, сарапшылардың бағасы мен тұрғындардың ұсыныс-пікіріне сүйене отырып әзірленеді. Бұл өз кезегінде қаланың өзекті мәселелерін жан-жақты зерделеп, тиімді шешімдер ұсынуға мүмкіндік береді.

