Әділет министрі зардап шеккен алматылық кәсіпкерлермен кездесті

25.03.2022

Кәсіп иелері көкейкесті сұрақтарын қойып, бірқатар мәселенің шешімін тапты.

Әділет министрі Қанат Мусин жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен алматылық кәсіпкерлермен кездесті.

Олар келтірілген шығын көлемін, сондай-ақ кәсіпкерлерді қолдаудың заңнамалық шараларын талқылады. Кәсіп иелері көкейкесті сұрақтарын қойып, бірқатар мәселе тікелей шешімін тапты.

«Бизнеске үлкен залал келтірілген. Сол залалды өндіру шаралары өтіп жатыр. Жұмыс барысында қандай проблемалар бар, шешілмеген қандай сұрақтар бар соны кәсіпкерлердің өзінен естіп, проблемаларды шешуге арналған шараларды қолдауға келіп отырмыз», - деді ҚР Әділет министрі Қанат Мусин.

Кәсіпкерлер палатасы директорының мәліметінше, 1200-ге жуық шағын және орта кәсіп иелерінің жалпы сомасы 6 миллиард теңге шығыны өтелген. Ал 150-ге жуық өтінім ірі көлемді шығынын дәлелдеу үшін сараптамаға жіберілген. Айтуар Қошмамбетов бұл бағытта жұмыс қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Енді осы мақсатта комиссия отырысы аптасына 2 рет өткізілмек. 

«Толық мәліметке ие болуы тиіс. Соның нәтижесінде нақты сомасын нақтылап, өтемақы сомасын көрсетеді. Өтемақы сомасы нақтыланғаннан кейін, комиссия аптасына 2 рет отырыс жасап, қай кәсіпкерге қандай сомада өтелетіні туралы шешім қабылдайды», - деді «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасының басшысы Айтуар Қошмамбетов.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.