14.08.2020

Бұл туралы онлайн брифинг барысында Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасының басшысы Наталья Ливинская айтты. Сонымен бірге брифингке Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Данияр Әбдрешев қатысты.

Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған Jasyl Almaty акциясы аясында көктемде 8 мың ағаш пен 110 мың шаршы метр аумаққа гүлзар егілді. Күзгі маусымда шамамен 250 мың жасыл желек, оның ішінде 280 мың жапырақты және 8 мың қылқанжапырақты ағаш егу жоспарланған. Жасыл желектендірілетін жалпы аумақ 452,6 гектарды құрайды.

«Көшеттер географиялық, климаттық және топырақ жабындысының құрамына қарай бөлінген. Егілетін көшеттердің негізгі бөлігі шетсіз қала қағидасы бойынша отырғызылады. Атап айтқанда, Алатау ауданында 176,7 мың көшет, Түрксіб ауданында 40 мың көшет, Наурызбай ауданында 5,5 мың көшет егіледі. Негізінен жапарақты ағаштар – терек, шегіршін, үйеңкі, талшын, сондай-ақ жеміс – алма, шие, өрік ағаштарына басымдық беріледі», - деп атап өтті Н.Ливинская.

Сонымен бірге, инвесторлар қаражаты есебінен скверлер құру үшін 20 жер учаскесі анықталды. Бизнес қауымдастықтарды тарту арқылы 35 мың ағаш егу жоспарланған.

2019 жылғы қарашадан басқарма ағаш кесуге рұқсат беруді тоқтатты. Он айда ағашты кесуге қатысты 300-ден астам өтініш түскен, олар бойынша дәлелді бас тарту шешімі шығарылды, 33 өтініш бойынша рұқсат беріліп, олар бойынша жобалар түзетілді.

«Рұқсат етілгендер қатарындағы жобалар негізінен мектеп, балабақша, тұрғын үй кешендерімен байланысты, көше, саябақ пен скверлерді реконструкциялауға бағытталған жобалар да бар. Біз оларды қайта қарадық, аумаққа қалай кіру керек екенін, ғимарат жанындағы көшеттерді де ескердік. Осылайша, кесілу керек деп шешілген жасыл желектің санын азайттық», - деді басқарма басшысы. Сонымен бірге ол, ұсынылған жобалар бойынша жаңғырту мен жақсарту жұмыстары жүргізілгенін атап өтті.

Рұқсат беру кезінде кесілуі тиіс жасыл желек санын азайту бағытында  жобаны түзету ұсынылады, содан кейін ғана кесуге рұқсат етіледі. Осылайша, «Достық» саябағында жоба қайта қаралып, кесілуі тиіс ағаштар саны 169-дан 26-ға дейін қысқарды.

Сонымен бірге, өтемдік ағаш егу мәселесі қайта қаралды, көшеттер стандартқа сай іріктеледі, діңінің ұзындығы 2,5 метр, бұтақ жүйесі қалыптасқан және отырғызылғаннан кейін екі жыл бойы міндетті түрде күтім қажет.

«Жасыл желекті сақтауда қоғамның қосар үлесі орасан зор. «Жасыл комиссия» мүшелері әрбір факт бойынша барып, өз ұсыныстарын айтады», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі