Жолайрықтар мен көшелерді ұзарту: Алматыда жол-көлік желісін дамыту жалғасуда

12.01.2021

Алматыда биыл көлік жүктемесі жоғары жол учаскелерінде үш жолайрықтың құрылысы жалғасып жатыр.

Олар – Бұқтырма көшесі мен Құлжа жолы, Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі қиылыстарында салынып жатқан жолайрықтар.

Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесі қиылысындағы жолайрық кіші жол айналымы құрамына кіреді. Жолайрық қаланың солтүстік бөлігіндегі көлік ағынын жеңілдетеді.

Үстіміздегі жылдың соңында –  келесі жылдың басында Бұқтырма көшесі мен Құлжа жолы қиылысындағы жолайрықтың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жолайрықты пайдалануға беру Түрксіб ауданы мен қала маңы елдімекендеріндегі 350 мыңға жуық тұрғынның мобилділігін арттырады.

Сонымен қатар орталықты қала шекарасымен байланыстыратын магистральді көшелерді ұзарту жалғасуда. Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары екі учаскеде жүріп жатыр – Момышұлы көшесінен Әшімов көшесіне дейін және Әшімов көшесінен қала шекарасына дейін.

Сондай-ақ Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейін және Нұрлы көшесін Сәбденов көшесінен Райымбек даңғылына дейін ұзарту жұмыстары жүргізілуде. Қонаев көшесінің (Жандосов көшесінің жалғасы) Яссауи көшесінен Әшімов көшесіне дейін 1,2 шақырымын жөндеу жалғасуда.

Бұл нысандар іске қосылған кезде қала тұрғындарының мобилділігі артып, мегаполистегі көше-жол желісінің жүктемесі азаяды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі