Жетісу ауданында инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатыр

10.11.2022

Жетісу ауданында 57,9 км коммуналдық желілерді реконструкциялау аяқталып келеді.

Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездесуінде аудандағы инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары қалай жүріп жатқанын айтып берді.

«Осы жылдың қыркүйек айында сіздермен кездескен кезде Құлагер шағынауданындағы жылумен жабдықтау желілерін (1,7 км) реконструкциялау жұмыстарын тездету туралы мәселе көтерілді. Құлагердегі жылу желілерін реконструкциялау қазан айының соңында аяқталды. Құбырлар жер астына ауыстырылды, асфальт қалпына келтірілді, ескі жерүсті құбырлары бөлшектеп алынып жатыр«, - деді қала әкімі.

Оның айтуынша, Қазыбаев көшесі, Рысқұлов даңғылы, Тәтібеков көшесі, Райымбек даңғылы бөлігіндегі ұзындығы 57,9 км сумен қамту желілерін реконструкциялау және канализация салу жұмыстары (су құбыры – 42,9 км, канализация– 15 км) аяқталып келеді. Бұл ретте қазылған барлық көшелер биылғы қараша айының соңына дейін тиісінше қалпына келтірілетін болады.

«Аудан тұрғындарын, атап айтқанда, Палладин – Павлодарская – Сельская – Боралдай көшелері мен Кемел шағынауданының тұрғындарын электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 40 км ескірген желілерді реконструкциялау жұмыстары жүріп жатыр. Жұмыстар осы жылдың тамыз айында басталды. Қазірдің өзінде 800 тірек орнатылып, 15,8 км кабель тартылды. Палладин – Павлодарская – Сельская – Боралдай көшелеріндегі жұмыстаросы жылдың соңына дейін, Кемел шағынауданындағы жұмыстар 2023 жылдың сәуір айында аяқталады«, - деп мәлімдеді мегаполис басшысы.

Оның айтуынша, бұл 4 000-нан астам абонентті үздіксіз электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Осы жылдың соңына дейін Жетісу ауданындағы 6 көшеде жарық жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізілетін болады.

Бірінші кезектегі жартылай жарық жүргізілмеген көшелерді жарықтандыру мақсатында осы жылдың соңына дейін Жетісу ауданындағы 76 көшеге сыртқы жарықтандыру желісін жүргізу жұмыстары аяқталады.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.