2026 жылғы 29 сәуірде «Алматы қаласын дамыту орталығы» АҚ «Жасыл Алматы» бағытының бас менеджері Пакизат Сайлаубекова Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенттеріне дәріс оқыды. Лекция барысында оңтүстік астана мен жалпы Қазақстандағы негізгі экологиялық мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, ауа сапасы, су ресурстары және қалдықтарды басқару жүйесі талқыланды. Спикер PM2.5 бөлшектерінің мөлшерінің артуы мен оның адам денсаулығына әсеріне тоқталып, ауызсуға қолжетімділік пен болашақтағы тапшылық мәселесін, сондай-ақ қалдықтардың түзілуі мен қайта өңдеу деңгейін түсіндірді.
Сонымен қатар экологиялық ойлау мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Студенттерге экологиялық сананың қалыптасу кезеңдері - мәселені түсінуден бастап, оны күнделікті өмір мен кәсіби қызметке енгізуге дейінгі жол көрсетілді. Дәрісте тұрақты даму саласындағы кәсіби мүмкіндіктер де сөз болды. Экология, технология және коммуникация тоғысындағы жаңа мамандықтар - урбан-экологтар, ресайклинг мамандары және экодизайнерлер туралы ақпарат берілді. Бұл бағыттар шығармашылық мамандық иелері үшін өзекті.
Практикалық бөлімде экологиялық жобаларды әзірлеу бойынша ұсыныстар берілді: мәселені дұрыс анықтау, нәтижені өлшеу және жобаның тұрақтылығын бағалау тәсілдері түсіндірілді. Дәріс интерактивті форматта өтіп, студенттер тарапынан белсенді қызығушылық тудырды. Мұндай кездесулер жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырып, тұрақты даму бағыттарына қызығушылығын күшейтеді.



