19.07.2022

Қала әкімі алдағы жылы оның орнына көркі келіскен саябақ пен балалар алаңы салынатынын айтты.

Зерделі шағынауданындағы апатты деп танылған 2 үй толығымен сүріледі. Олардың орнына саябақ пен балалар алаңын салу көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы халқымен кездесуінде айтты.

Есік, терезелері аңырайып, қаңырап тұрған бұл үйлердің құрылысы 2016 жылы басталған еді. Мердігер компания жауапсыздық танытып, кесірінен жұмыс аяқсыз қалған. Тұрғындар аулада ойнап жүрген балалары үшін алаңдайтынын айтып, жергілікті әкімдікке бірнеше рет шағым айтыпты. Құрылыс басқармасы бұл үйлерді апатты деп танып, енді оны толығымен сүретін болды. Қала әкімі алдағы жылы оның орнына көркі келіскен саябақ пен балалар алаңы салынатынын айтты.

«Зерделі шағынауданында 30 үй апатты деп танылған. 23 үйге бекіту жұмыстары жүргізілді. Ал 2 үй мүлде жарамсыз деп танылды. Жыл соңына дейін 7 көпқабатты үйдің іргетасы нығайтылатын болады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Қазір аудандағы мектептерде 19 мың 600 балаға орын тапшы. Осы мәселені шешу үшін қазір мегаполисте 8 заманауи білім мекемесінің құрылысы жүріп жатыр. Алатау ауданына 5 мектеп салынады. Ал 6 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Түйткілді шешу үшін шаһар басшысы Нұркент шағынауданында 2 бөбекжай салынатынын айтты. Әлеуметтік нысандардың құрылысы да қала әкімдігінің назарынан тыс қалмады.

«Қарасу тұрғындарының тілектерін ескере отырып, мен Мәдениет үйінің ғимаратын сатып алу туралы тапсырма бердім. Қажетті қаржы бөлінді, ғимаратты сатып алу жұмыстары жүріп жатыр. Сосын демеушілер есебінен жөндеу жүргізіледі. Жылдың соңына дейін онда кемінде 10 шығармашылық және білім беру секциясын ашамыз және күн сайын 150-ге жуық бүлдіршін осы секцияларға қатыса алады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ауданда арық желілерінің мәселесі де өзекті. Жаңбыр жауса, тұрғын үй мен әкімшілік ғимараттардың төбелерінен су ағады. Арық жүйесіне қатысты проблема жыл соңына дейін толық шешіледі деді қала әкімі. 81 көшеге ұзындығы 30 шақырым болатын жаңа суағарлар салынады. Сондай-ақ, жаңбыр суын жинайтын 6 коллектор қайта қалпына келтірілмек. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде биыл да жұмыстар жалғасады.

«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша соңғы 2 жылда ауданда бос жатқан 60 учаске абаттандырылды. Бұл жұмысты біз осы жылы да белсенді жалғастырамыз. Биыл 1 млрд. 800 млн. теңгеге 36 жоба іске асырылып жатыр, оның ішінде 24 жобаның құрылыс жұмыстары басталды», – деді қала әкімі.

Қала әкімі өз баяндамасында аудандағы инженерлік инфрақұрылым мен су және кәріз жүйелері, жаңа тас жол төсеу сынды жұмыстардың да жоспарлы түрде жүріп жатқанын айтты. Мәселен, Ақбұлақ, Өжет, Самғау шағынауданында сумен қамту желілері салынып жатыр. Сондай-ақ жыл соңына дейін 10 кәріз сорғы стансасының құрылысы аяқталады.  

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.