15.03.2021

Алматы - Қазақстан тәуелсіздігі жылдарында маңызды саяси шаралар қабылданған қала. Еліміздің ең маңызды негізге алынатын заңдары осы қалада қабылданды. Конституция қабылданып, Қазақстанның мемлекеттік рәміздері - ту, елтаңба және әнұран бекітіліп, ұлттық валюта енгізілді. Бүгін біз сіздерге Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар туралы материалдар жинақталған Алматы музейінің қоры туралы айтып береміз.

Алматы музейі 2002 жылы құрылған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен 2016 жылы Алматы қаласының мың жылдығына және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай музейге ғимарат беріліп, музейдің жаңа экспозициясы ашылды.

Музей орналасқан ғимарат архитектор Павл Гурдэнің жобасымен 1892 жылы салынып, онда «Верный қаласының балалар үйі» орналасты. Кеңестік дәуірде балалар үйі Есік қаласына көшіріліп, 1929 жылы астана Қызылордадан Алматыға көшкен уақытта ғимаратқа ҚазАКСР үкіметі, кейінірек – балалар клиникалық ауруханасы, Алматы медицина колледжі орналасты, қазіргі кезде мұнда – Алматы музейі орын тепкен. Аталмыш ғимарат мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени ескерткіш.

Қазіргі уақытта музей қорында 40 мыңнан астам жәдігер, оның ішінде бейнелеу өнерінің туындылары, қазақ этнографиясының үздік топтамасы, түрлі дәуір мен мәдениетке жататын археологиялық жәдігерлер, нумизматика, жазбаша деректер жиынтығы және басқа да мұралар бар.

Музей қорындағы құнды жәдігерлердің бірі Орта ғасырларда қолдасныста болған күміс дирхемдер.

«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директорының ғылым жөніндегі орынбасары Сержан Саровтың айтуынша, мұражайдың 11 залында қала тарихынан сыр шертетін құнды материалдар мен жәдігерлер сақталған.

«Музей экспозициясы: Қола дәуірі; Ерте темір дәуірі; Алматы территориясы сақтардың діни саяси орталығы; Жетісу мен Алматы аймағындағы ортағасырлық қалалар; Қазақ мемлекеттігі құрылуының қайнар көздері; Қазақ халқының материалдық мәдениеті; Алматы тарихының Верный кезеңі; XX ғасырдағы Алматы; Кәсіби өнердің дамуы; Альпинизм; Желтоқсан оқиғасы; Тәуелсіздік жылдарындағы Алматы; Қазақстан халқы Ассамблеясы тақырыптарын қамтитын 11 залдан тұрады»,- дейді ол.

Сонымен қатар музейде «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты жеке зал бар. Онда ақпараттық дүңгіршектер арқылы еліміздегі ғылым мен білім беру саласы, мәдениет және спорт, бизнес, инновациялар, Алматы қаласында қабылданған тарихи шешімдер туралы ақпараттар алуға болады.

«Бұл залда 3D тур арқылы мәдени және спорттық нысандармен танысу мүмкіндігі берілген. Сондай-ақ экспозицияда қойылған «Нұр Отан партиясы» мен 2011 жылы Алматыда өткен VII қысқы Азия ойындарының материалдарымен таныса аласыздар. Музей қорында еліміздің тәуелсіздігіне байланысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіңің мұрағатынан алынған құжаттардың көшірмелері, Алматы қаласының тәуелсіздік жылдарында өткен айтулы оқиғалардың фотосуреттері және тәуелсіздік жылдары Алматы қаласында өткен түрлі музыкалық байқаулар, кинофестивальдар, ретро-фестивальдар: «Азия дауысы» музыкалық фестивалі, «Алматы – менің алғашқы махаббатым» ретро-фестивалі, «Шәкен жұлдыздары» кинофестивальдерінің материалдары жинақталған»,- дейді спикер.

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен 2017 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Баршаға арналған музей» жобасы жүзеге асырылды. Осылайша, осы жоба аясында Алматы музейі ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін толығымен бейімделді. Тірек-қимыл аппараты бұзылған келушілер үшін пандус пен музей қызметкерлерін шақыру бастырмасы орнатылған. Алматы музейінде есту қабілеті төмен мүгедектер үшін экспозиция бойынша сурдоаудармасы бар бейнегид әзірленді.

Зағип және нашар көретіндер үшін Алматы музейінің экспозициясын қараудың мнемосхемасы орнатылған, оларда бедерлі-графикалық элементтер мен Брайль қарпімен орындалған бағдарлы жазулар, сондай-ақ зағип жандар үшін тактильді экспозиция ұйымдастырылған. Музей бойынша Брайльдің бедерлі-нүктелі қарпімен және экспонаттардың бедерлі-графикалық бейнелерімен ресімделген жолсілтемелер жасалған.

«Ұлттық бірегейлікті сақтауда қанымызға сіңіп, тұрмысымызға айналған салт-дәстүрдің маңызы жоғары. Рухани құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа ауысып, сабақтасуы мәңгілік ел болудың негізгі өзегі. Сондықтан, ұлттық бірегейлікті сақтау жолында дәстүр мен ғұрпымызды, еліміздің тарихы мен мәдени құндылықтарын насихаттаудың маңызы зор. Әсіресе, ақпарат пен сан түрлі мәдениет тоғысқан жаһандану заманында рухани мұрамызды түгендеп, жаңғыртып, озығын саралаудың өзектілігі жоғары. Ұлттық дәстүр – ұлтқа рух беріп, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Дәстүр – адамдардың ғасырлар бойы қалыптастырған құндылығы, әлеуметтік-мәдени мұрасы»,- деп атап өтті Сержан Саров.

Ақпарат көзі: inform.kz