Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмалары бойынша зардап шеккен бизнесті қалыпқа келтіру және қаланың одан әрі дамуы жөніндегі Алматы қалалық актив отырысын өткізді. Жиында қаңтар оқиғасының салдары жан-жақты сараланып, нақты жұмыс жоспары жарияланды.
Қала басшысы келтірген ақпарға сәйкес, жалпы шығын мөлшері 96 млн теңгеге жетсе, оның 54-і әкімшілік ғимараттарға келген зардап болып отыр. Енді жапа шеккен құқық қорғау органдары мен өрт сөндіру, медицина қызметкерлеріне 500 мың теңгеден 2 миллионға дейін өтемақы төленеді. Сондай-ақ тәртіпсіздік кезінде бүлінген тұрғын үйлердің қасбеттері мен терезелері де қалпына келтірілмек.
«Қала біртіндеп қалыпты өмірге оралуда. Төтенше жағдай режимі алынып тасталды. Дегенмен, террористік қауіптің қызыл деңгейі сақталуда. Террориизмге қарсы операциялар жалғасуда. Біздің бірінші кезектегі міндетіміз – залалдың мөлшерін анықтау және зардап шеккен азаматтарға бірінші кезекте көмек көрсету», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Қала басшысы Алматыны қалыпқа келтіруге бағытталған бірқатар тапсырмалар тізбегін де нақтылады. Мәселен, зардап шеккен орта және шағын бизнес өкілдері ендігі 3 айда коммуналды төлемнен, ал 6 айда жалға алу ақысынан босатылады. Айта кетейік, бұған дейін мәлім болғандай, қаңтар оқиғасы кезінде қала бойынша 1600 кәсіпкерлік нысанға зиян келген еді.
«Осы қиын-қыстау кезеңде жапа шеккендерге жан-жақты көмек көрсетіліп, шығын қайтарылады. Бұған қоғам мен қала тұрғындары сенімді болуы керек. Ал қала әкімдігі өз кезегінде материалдық және материалдық емес көмектерді де көрсетуге дайын», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Дереккөз: Almaty.tv.