С. Ізтелеуов ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына орталықтың жұмысын таныстырды

13.01.2020

13 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Серік Сейдуманов пен Ольга Шишигина жұмыс сапары аясында Алматы қаласын дамыту орталығына (Орталық) келді.

Орталықтың Басқарма төрағасы Санжар Ізтелеуов Алматы қаласы Ситуациялық орталығының жұмысы туралы айтып берді. Ситуациялық орталықта қалалық және республикалық жүйелерді ықпалдастыру Алматының 1,2 мыңнан астам даму индикаторына талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Оның ішінде әлеуметтік-экономикалық даму, қауіпсіздік, төтенше жағдайлар, азаматтардың өтініштері, бюджеттің орындалуы, жобалық басқару және т. б. Орталық басшысы «Oңaй жолақысын есептеу және төлеу жүйесі», «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» және т. б. модульдерді таныстырды. Делегация мүшелері «Балабақшалар мен мектептер бойынша ақпарат» модуліне ерекше назар аударды. Ол аталған мекемелердің жоспарлы және нақты жүктелуіне, сондай-ақ орын тапшылығы мен профицитіне мониторинг жасауға мүмкіндік береді.

Алматы қаласы әкімдігінің Open Almaty қоғамдық қабылдауында (Алматы қаласы тұрғындарының өтініштерін қабылдау және өңдеу бойынша Орталық жобасы) Алматы қаласын дамыту орталығының Басқарушы директоры Әлия Жақсалықова Open Almaty қызметі мен жұмыс істеу механизмі туралы айтып берді.

Ол атап өткендей, жоба 2017 жылы іске қосылған, өтініштер телефон, open-almaty.kz порталы, әлеуметтік желілер арқылы және фронт-офисте қабылданады. Барлық өтініштер бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркеледі, жауаптардың сапалы және дер кезінде берілуі бақыланады. 2019 жылы Open Almaty-ға 140 мыңға жуық өтініш түсті. Тұрғындар көбіне байланыс орталығы (55%) және әлеуметтік желілер (24) арқылы өтініш жолдайды.

Кездесу қорытындысы бойынша депутаттар Алматы қаласын дамыту жөнінде өз ұсыныстарын айтты. С. Сейдумановтың пікірінше, Алматы туристік және тарихи қалаға айналуы тиіс, бірақ ол үшін инфрақұрылымды дамытуды жалғастыру қажет.

Осы орайда С. Ізтелеуов Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Kazakhstan Urban Conference 2019 барысында «Алматы-2050» даму стратегиясын таныстыра келе «Алматы-2025» даму бағдарламасын, қаланы дамытудың шеберлік жоспары тұжырымдамасын және қаланың жаңа бас жоспарын әзірлеуді тапсырғанын еске салды. Сонымен қатар Алматының барлық сегіз ауданы үш жылдық даму шеберлік жоспарын әзірлеуі тиіс. Осылайша, қала бюджеті «Менің аулам», «Менің көшем», «Менің ауданым» сияқты мақсатты бағдарламалар бойынша қалыптастырылатын болады.