Құрылтай: дәстүрден заманауи заң шығарушы органға дейін
Құрылтай — қазақ даласында ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданған көне саяси институт. Ғасырлар бойы ол қоғамның беделді өкілдері бас қосып, мемлекеттің болашағына тікелей әсер ететін мәселелерді талқылайтын маңызды алаң қызметін атқарды.
Құрылтайға сұлтандар, билер, батырлар мен ру басылары қатысып, соғыс пен бітім, жер мен елдің тұтастығы, сыртқы саясат, билік және халықтың бірлігіне қатысты мәселелер бойынша ортақ шешімге келген. Осы тұрғыдан алғанда, Құрылтай қоғамдық келісім мен ортақ жауапкершілік қағидаттарын қалыптастырған тарихи институттардың бірі болды.
Құрылтайдың бүгінгі рөлі
Бүгінде Құрылтай жаңа сипатқа ие болып, елдің заң шығарушы органы ретінде жұмысын бастайды. Оның құрамына партиялық тізім бойынша сайланған 145 депутат кіреді.
Депутаттар азаматтардың мүдделерін білдіріп, елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына әсер ететін маңызды шешімдерді қабылдауға қатысады.
Құрылтайдың негізгі өкілеттіктеріне заңдарды қарау және қабылдау, республикалық бюджетті бекіту, оның орындалуын бақылау, сондай-ақ Үкімет мүшелерінің есептерін тыңдау кіреді.
Осылайша, Құрылтайда қабылданатын шешімдер экономика мен кәсіпкерліктен бастап, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым, экология және азаматтардың күнделікті өміріне қатысты басқа да салаларға әсер етеді.
23 тамыз — Құрылтай сайлауы
Құрылтай сайлауы 23 тамызда өтеді.
Сайлау — азаматтардың елдің алдағы даму бағытын айқындауға қатысу мүмкіндігі. Дауыс беру кезінде тек партиялардың атауына емес, олардың бағдарламалары мен нақты ұсыныстарына назар аудару маңызды.
Партиялардың экономика, әлеуметтік саясат, білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй, экология және өңірлерді дамыту мәселелері бойынша ұстанымдарын салыстырыңыз.
Әрбір бағдарлама қандай өзгерістер ұсынатынын, олардың қалай жүзеге асырылатынын және сіз үшін маңызды мәселелерге қаншалықты жауап беретінін бағалаңыз.
Партиялардың бағдарламаларымен танысып, ұсыныстарын салыстырыңыз және өз мүддеңіз бен ел болашағына деген көзқарасыңызға сай саналы таңдау жасаңыз.

