«Райымбек батыр кесенесі» мемориалдық кешені – жалпыұлттық маңызы бар нысан болып табылады және Қазақстан Республикасының киелі орындар картасына енгізілген. Райымбек батыр – XVIII ғасырдағы көрнекті қолбасшы, ұлттық бірлік пен тәуелсіздік жолындағы күрестің символы. Мемориалдық кешен дәстүрлі түрде зиярат ететін орын әрі маңызды қоғамдық-мәдени тартылыс нүктесі саналады.
Қазіргі уақытта нысан қайта жаңғырту сатысында. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылғы мамыр айында басталып, объектіні пайдалануға беру 2026 жылғы мамыр айына жоспарланған. Жоба қолданыстағы кесенені реставрациялаумен қатар, нысан аумағын кешенді түрде дамытуды және оның функционалдық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді.
Қайта жаңғырту шеңберінде музейлік-экспозициялық кеңістіктерді, зияратшылар мен келушілерге арналған ғимараттарды, әкімшілік және қосалқы нысандарды салу, сондай-ақ іргелес аумақты абаттандыру қарастырылған. Жобаның маңызды бағыттарының бірі – мемориалдық кешенді музеефикациялау.
Жобалық шешімдерге сәйкес, кешен аумағында VR және AR технологияларын қолдана отырып, тарихи дәуірдің контексі мен Райымбек батырдың мұрасын интерактивті форматта таныстыратын заманауи музей құру жоспарланған. Жоба аясында екі қабатты музей ғимаратының құрылысы көзделген: бірінші қабатта мультимедиялық және цифрлық экспозициялар, екінші қабатта батырлық дәстүрге және қазақ халқының тарихына арналған тарихи-ағартушылық зал орналастырылады. Музейлік бөлікті іске асыру қайта жаңғыртудың қорытынды кезеңіне – 2026 жылға жоспарланған.
Жобаны іске асырудың негізгі мақсаты – тарихи-мәдени мұраны сақтау, заманауи мемориалдық әрі білім беру кеңістігін қалыптастыру, сондай-ақ Алматы қаласында тұрақты мәдени-туристік тартылыс нүктесін құру. Жоба сакралды нысанды қазіргі қалалық ортаға интеграциялауға, оның келушілер үшін қолжетімділігін арттыруға және жастарды заманауи цифрлық форматтар арқылы тартуға бағытталған.
Көшпелі тексеріс барысында Алматы қаласының Даму орталығының мониторингтік командасы құрылыс-монтаж жұмыстарының ағымдағы жағдайын, бекітілген кестелердің сақталуын, орындалып жатқан жұмыстардың сапасын және құрылыс алаңының ұйымдастырылуын бағалады. Нысанның сакралды әрі тарихи ескерткіш ретіндегі мәртебесіне жобалық шешімдердің сәйкестігіне ерекше назар аударылды. Тексеру нәтижесінде, атап айтқанда жұмыстардың орындалу мерзімдері мен мердігер ұйымдардың өзара іс-қимылын үйлестіру бөлігінде қосымша бақылауды талап ететін жекелеген мәселелер анықталды.
«Райымбек батыр кесенесі» мемориалдық кешенін қайта жаңғырту жобасын іске асыру Алматы қаласы үшін елеулі әлеуметтік-экономикалық және туристік тиімділікке ие. Цифрлық технологияларды қолдана отырып құрылған заманауи мемориалдық және музейлік кеңістік туристік және зияраттық ағынның артуына, жаңа мәдени тартылыс нүктесінің қалыптасуына және қалалық ілеспе инфрақұрылымның дамуына ықпал етеді.
Мониторинг қорытындысы бойынша Алматы қаласының Даму орталығы жобаны одан әрі сүйемелдеуді және жауапты орындаушылармен өзара іс-қимылды жалғастыруды, нысанның уақытылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
