Құлжа тас жолы — Бұқтырма көшесі қиылысындағы жолайрығы мыңдаған алматылықтың мобилділігін арттырады

24.09.2020

Алматы әкімі Б. Сағынтаев жұмыс сапары барысында Құлжа тас жолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында салынып жатқан жолайрығының құрылысын тексерді.

«Құлжа тас жолының Бұқтырма көшесімен қиылысқан тұсында қаланың «шығыс қақпасы» жанындағы қозғалысты жеңілдететін көлік айрығы салынуда. Қала тұрғындарына «әуежай айналма жолы» ретінде таныс бұл аймақта көлік нөпірі сейілмей тұр», — деп жазды қала әкімі Б. Сағынтаев өзінің Instagram-дағы парақшасында.

Оның мәліметі бойынша, жобаға сәйкес мұнда төрт және алты жолақты қозғалысы бар заманауи көп деңгейлі жол өткелі салынады. Құлжа тас жолы бойындағы эстакаданың ұзындығы 784 метр, Бұқтырма көшесіндегі туннелдің ұзындығы 570 метр. Іргелес аумақты абаттандыру кезінде 750 ағаш егіледі.

«Жоспар бойынша келесі жылдың соңына қарай пайдалануға берілгеннен кейін Бұқтырма көшесінің өткізу қабілеті 30%-ке, ал Құлжа тас жолы  бойынша 15%-ке өседі. Жалпы бұл жолайрығы Түрксіб ауданы мен қала маңындағы елдімекендердің 350 мыңға жуық тұрғынының жүріп-тұруына қолайлы жағдай туғызбақ», — деп атап өтті Б. Сағынтаев.

Еске салсақ, қазіргі кезде Алматыда Сейфуллин даңғылы – Жансүгіров көшесі және Рысқұлов даңғылы – Емцов көшесі қиылыстарында тағы екі  жолайрығы салынуда. Құрылыс 2021 жылдың соңына қарай аяқталады деп жоспарланған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі