«Қаланың ересек тұрғындарының міндеті – жас ұрпақ денсаулығы үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру» — педиатр алматылықтарды екпе алуға шақырады

20.04.2021

Балалардың коронавируспен ауруы ересектерге қарағанда жеңіл өтеді, бірақ ата-аналарға алдын-алу шараларын еске салып отырған жөн. Қалалық клиникалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр Уәлиева қанша кішкентай алматылықтың СOVID-19-бен ауырғаны, қанша адамның сауыққаны және ауру себептері туралы айтып берді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Айнұр Уәлиеваның айтуынша, бүгінгі таңда Алматы қаласының ҚКБЖАА стационарында 71 бала ем алуда. Оның ішінде 1 жасқа дейін — 20, 1 жастан 4 жасқа дейін — 17 бала, 5 жастан 14 жасқа дейін — 24 бала, 15-18 жас аралығында — 10 адам бар.

«Біз эпидемиологиялық көрсеткіштерге қарай балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызамыз. Мысалы, егер отбасының барлық мүшелері ауырып қалса және клиникалық көрсеткіштер болса. Ауруханаға жатқызылған балалар саны ауруханаға жатқызылғандардың жалпы санының 30-35%-нан аспайды», — деді Айнұр Уәлиева өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында.

Педиатрдың айтуынша, мегаполисте балалар арасында коронавирустық инфекцияның өсуі наурыз айындағы мерекелерден кейін және сәуірде байқала бастады.

«Наурыздың екінші жартысында біздің мамандар 72 баланы, ал сәуір айында 176 баланы емдеді. Сәуірдің бірінші онкүндігінде ауруханадан 139 бала шығарылды, ал 11-19 сәуір аралығында 107 бала шығарылды», — деді Айнұр Уәлиева.

Баланың сауығып шыққанына қарамастан, педиатр дәрігер учаскелік дәрігердің тексеруінен өтуге кеңес береді. Оңалту кезінде үйлестірілген тағамдармен тамақтану, тыныс алу жаттығуларын жасау, дене шынықтырумен айналысу өте маңызды.

Айнұр Уәлиева журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, жұқтырудың негізгі факторы үй жағдайында болатынын атап өтті. Яғни, бір отбасының ересектерімен тығыз байланыс жасаған кезде.

«Біз балалар жаппай ауыра бастады, коронавирустық инфекция балалар арасында эпидемиологиялық сипатқа ие болды деп айта алмаймыз. Сырқаттанушылықтың өсуі ересек халықтың арасында ауырғандардың көбеюімен тікелей байланысты, ересектер арасында жұқтырып, ауырғандар азайған кезде, бірден балалар арасында да жұқтыру төмендейді. Бүгінгі күні ауруханада ауру ағымы ауыр өтіп жатқан балалар жоқ. Көп жағдайда ауру симптомсыз өтіп жатыр», — дейді педиатр.

Айнұр Уәлиева SARS (ауыр жіті респираторлық синдром) — коронавирустық инфекцияның клиникалық ағымы мен өту барысы балаларда анағұрлым жеңіл екенін айтты.

ҚКБЖАА-на клиникалық белгілері бар науқас балалар жеңіл және кейбір жағдайларда орташа ауыр формада ауруханаға жатқызылды. Алайда, олар 10%-дан аспайды. Педиатр дәрігерлер инфекцияның себебі мен негізгі берілу жолы ауа тамшылары арқылы екенін атап өтті.

«Адамдар көп жиналатын жерлерге, атап айтқанда, қоғамдық көліктерге, дүкендерге, дәмханаларға, СОО-ға барған кезде жұқтыру қаупі жоғары екенін есте ұстаған жөн, сондықтан бәрімізге бұрынғыдай белгілі профилактикалық іс-шараларды сақтау және оны балаларымызға да үйрету қажет», — деп қорытындылады Айнұр Уәлиева.

Брифинг барысында дәрігер қаланың ересек тұрғындарын жаппай іс-шараларға, адамдар көп жиналатын орындарға бармауға, бетперде тағуға, қолды өңдеуге, өздеріне ғана емес, жақындарына да жанашыр болуға шақырды. Сонымен бірге екпе алудың өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені, тек вакциналау ғана каронавирустың жылдам таралуына жол бермейді.

«Балалар мен 18 жасқа дейінгі жасөспірімдердің Covid-19-ға қарсы вакциналанатын топқа жатпайтынын естен шығармау керек. Сондықтан қаланың ересек тұрғындарының міндеті – жас ұрпақтың денсаулығы үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру», — деп қорытындылады сөзін спикер.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі