01.10.2025

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» жобасына өтінім қабылдау аяқталды. Науқан 1 қыркүйектен 30 қыркүйекке дейін өтті. Осы уақыт ішінде қала тұрғындары 4 632 бастама ұсынды.

Алматылықтар аумақты көгалдандыру, аула мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, тротуар мен арықты жөндеу, балалар және спорт алаңдарын орнату бойынша жоба ұсынды. Сондай-ақ, қаланы таза әрі жайлы етуге бағытталған идеялар да бар.

Өтінімдер онлайн форматта budget.open-almaty.kz платформасында қабылданды.

Қатысу шарттары:
    •    бір адам - бір өтінім - бір нысан;
    •    нысан жалпыға ортақ болуы және өтінім берушінің ауданында орналасуы тиіс;
    •    жобада ең көп бюджет - 294,9 млн теңге.

Келесі кезеңдер:
    •    1-12 қазан: аудан әкімдіктері жанындағы сарапшылар жобаларды тексереді;
    •    19 қазанға дейін: авторлар идеясын пысықтай алады;
    •    20-26 қазан: жаңартылған өтінімдер қаралады;
    •    27 қазан - 9 қараша: тұрғындардың дауыс беруі;
    •    10-16 қараша: қорытынды шығару;
    •    17-18 қараша: бюджет өтінімдерін қалыптастыру;
    •    2026 жыл: жеңімпаз жобаларды жүзеге асыру.

«Алматы даму орталығы» АҚ баспасөз қызметі әрбір кезеңді тұрғындарға хабарлап отырады.