Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде Алматы әкімі Ерболат Досаев тау бөктеріндегі көшкіндердің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Осы мақсатта Медеу ауданында 2024 жылы 82 учаске егжей-тегжейлі зерттелді.
«Медеу ауданының тау алаптары тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді. Өткен жылдың қазан айында қала резервінен 1,5 млрд теңге бөлініп, 17 тұрақсыз учаскені нығайту басталды. Жұмысты биыл жазда аяқтау жоспарланып отыр», - деді Е.Досаев.
Бұдан бөлек, 28 жер телімінің иелеріне топырақтың шайылуын болдырмау және су бұру қажеттілігі бойынша сарапшылардың ұсынымдары берілді. Тағы 16 учаскеде топырақтың бұзылуын, рельефтің деформациясын және ықтимал көшкіндерді болдырмау мақсатында жұмыстар жүргізілуде. Оған қауіпті құрылыстарды сүру, жер телімдерін сатып алу және оларды бекіту шаралары кіреді.
Олимпийская көшесінде, 2023 жылдың ақпан айында көшкін жүрген жерде 1 500 шаршы метр тау бөктері тазартылды, 900 текше метр габионды құрылым орнатылды, 770 метр нөсерлі кәріз науалары салынды, 780 шаршы метр тротуар тастары төселді, 2 700 шаршы метр аумақты қамтитын арқанды-торлы жүйе орнату жұмыстары аяқталды.
«Қазселденқорғау» мамандарының мәліметінше, соңғы жылдары таулы аймақтарда көшкін қаупі артып келеді. Бұл жағдай көбіне талаптарға сай келмейтін ретсіз құрылыстардың салдарынан туындап отыр. Көптеген тұрғын үй топырақтың шөгуі ықтимал жерлерде салынған. Тау бөктерлері ойылып, су құбырлары мен кәріз жүйелері дұрыс жоспарланбай орналастырылған. Кейбір жағдайда ағынды сулар герметикалық емес септиктерге жіберіліп, жерге сіңіп, топырақтың тұрақсыздануына әкеліп соққан.
Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін 2022 жылдың маусым айында Алматы әкімі Ерболат Досаевтың бастамасымен тау бөктерінің еңісі 15 градустан асатын учаскелерде құрылыс жүргізуге тыйым салынды. Бұл талап 2023 жылдың соңында мәслихат бекіткен Алматы қаласының жаңа құрылыс ережелеріне енгізілді.
Жаңа құрылыс ережелері сейсмоқауіпті аймақтардағы және тау етегіндегі «тау сөрелері» деп аталатын учаскелерде құрылыс жүргізу тәртібін нақты реттейді. ШААЖ, әл-Фараби даңғылы, Саин және Жандосов көшелерінің оңтүстігінде, көлбеулігі 15 градустан асатын тау бөктерлерінде құрылыс жүргізуге қатаң тыйым салынды.
Сонымен қатар, бұрын қабылданған шешімдер де бекітілді: ғимараттардың биіктігі 12 метрден (3 қабаттан) аспауы тиіс (қоғамдық-мәдени нысандардан басқа). Қайта жаңарту кезінде террасалар мен техникалық қабаттарды тұрғын үйге айналдыруға жол берілмейді.
Осылайша, жаңа құрылыс ережелері қаладағы құрылыс компанияларының негізгі жұмыс шарттарын түпкілікті бекітті және бұрын реттелмеген жеке тұлғалардың жауапкершілік аймағын нақтылады.