Энергетиктердің айтуынша, елімізде 2030 жылы электр энергиясына тапшылық туады.
Елімізде атом электр стансасы 2035 жылы іске қосылуы мүмкін. Ал оның орналасатын аумағы Алматы облысына қарасты «Үлкен» ауылы болуы ықтимал. Энергетиктердің айтуынша, елімізде 2030 жылы электр энергиясына тапшылық туады. Бұл туралы бүгін «Қазақстанның атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин мәлімдеді.
Бір топ энергетиктер мен экономистер бас қосқан жиында электр стансасының тиімді тұстары мен пайдасыз жақтары талқыланды. Мамандар атом стансасын салуға болатын екінші аумақ деп Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы деп таныған. Алайда Курчатовтан гөрі Үлкен аулының инфрақұрылымы оңтайлы. Өйткені онда аяқталмай қалған Балқаш жылу электрстансасы бар.
«2019 жылы біз маркетингтік процедура жүргіздік. Стансаны салу туралы Қытай, Корея, Ресей, АҚШ пен Франция елдерінен 6 вендорлық компаниядан ұсыныс түсті. Ядролық-энергетикалық технологияларды сараптау кезінде МАГАТЭ ұсынған құжат негізге алынды. Жалпы заманауи реакторлардың 13 түрлі жобасы қаралды», – деді «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин.
Атом электр стансасын салуға дайындық жұмыстарына, яғни техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметасын әзірлеуге шамамен 5 жыл кететін көрінеді. Ал құрылысына 6 жыл кетеді деп болжанып отыр. Әйтсе де енді бір энергетиктер атом электр стансасын салуға келіспейді. Өйткені жобаны іске асыру елге өте қымбатқа түседі әрі салынып біткен соң электр бағасы арзандамай, керісінше қымбаттай түседі дейді. Сондықтан стансаның орнына жаңаратын энергия көздерін пайдалану ұсынылды.
«Атом энегриясы арзан болады деген дұрыс емес. 4 есе қымбат. 2035 жылы атом мүлде қымбаттайды. Бұл - бір. Екіншіден, қазір күн, жел энергиясы арзандап барады. Біз осы жаңаратын энергия көзін дамытуымыз керек. Атом стансасын салу техникалық жағынан да тиімсіз. Егер апат болатын болса онда Балқаш көлі түбегейлі жойылады, оңтүстік пен солтүстікті жалғап тұрған жол бұзылады», – деді энергетик Әсет Наурызбаев.
Дереккөз: Almaty.tv.