19.10.2022

Биыл экспорт есебінен 1,5 млрд теңге пайда тапқан.

Еліміздегі ауыр машина жасайтын зауыт биыл экспорт есебінен 1,5 млрд теңге пайда тапқан.

Сөйтіп кәсіпорынның тауар шығару өнімділігі былтырға қарағанда 7 пайыз өсіпті. Ал мұндай тұрақты көрсеткіштерге жету тату ұжым мен білікті басшының қажырлы еңбегіне тікелей байланысты.

Мақсат Әбдіжапбарұлы Алматыдағы ауыр машина жасау зауытына қалай келгенін еске алды. Еңбек жолын 23 жасында қарапайым инженер-құрастырушы болып бастаған ол кәсіпорын жұмысының барлық шаруасына қаныққан. Табанды еңбек пен ісіне деген сүйіспеншіліктің арқасында қазір кәсіпорынды басқарып отыр. Зауытта 23 жыл тапжылмай жұмыс істеуіне тату ұжым мен тәжірибелі ұстаздары әсер етіпті.

«Ондай тәжірибе басқа еш жерден ала алмайсыз. Сосын өзіме ұнайтын жұмыс. Күнде келіп істеп жатқан нәрсеңізді құйып, дәнекерлеп, жондырып дегендей аяғына дейін жинап, дайын өнімді шығарған кезде  қуанасың.  Бұрынғыдай қазір компьютермен істейміз, баяғыда қолмен, карандашпен кульман деген құралымыз бар, сонымен жұмыс істегенмін», – деді «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Мақсат Қанатбаев.

80 жылдық тарихы бар зауытта ауыр машина жасаудың толық циклі іске асады. Яғни ірі темір бөлшектер, мұнай бұрғылауға керек құрылғылар өндіріледі. Мұнда қазір 350 адам еңбек етеді. Биыл зауыттың тауар шығару өнімділігі артты. Дайын өніммен ішкі нарықты ғана емес, сыртты да қамтамасыз етіп отыр. Жыл басынан бері тауарлардың 40 пайызы экспортталып, 1,5 млрд теңге пайда түсіпті. Олар осындай ұжымды ұйытып ұстау білікті басшыға тән қасиет екенін атап өтті.

«Зауыттағы әр жабдықтың жобалануынан бастап шығарылуына дейін қатысып, басы-қасында болып келеді. Сөзіне нық, ісіне тиянақтылығымен үлгі», – деді «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ hr-директоры Екатерина Пчелинцева.

Зауыт басшысының айтуынша, салада қай жұмысшы болсын нағыз еңбек адамының үлгісі бола алады. Өйткені мұнда білім де, физикалық қажыр-қайрат та керек. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін жерде мықты кадр даярлау оңай емес. Техникалық мамандар көбейсе, мемлекет күшейеді. Сондықтан өндіріске жастарды тарту – кейіпкеріміздің көкейіндегі тағы бір мәселе.

«Адам өзі оқып, білімі болса, тырысып істесе бастықтар бағалайды. Басында қай жұмысты істесе де қиын болады. Әрі қарай жеңілдейді. Оңай ештеңе жоқ. Қиыншылық көргенде қорықпай істей беру керек», – деді «Алматы ауыр машина жасау зауыты» АҚ бас директоры Мақсат Қанатбаев.

«Табандылық танытқан мұратына жетеді» деген инженердің саланы дамыту туралы жоспары да жоқ емес. Соның бірі ескірген зауытты толық модернизациядан өткізуді алдағы басты мақсатым әрі міндетім деп санайды.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.