Бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн платформасында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Арман Ақсубаев журналистердің сұрақтарына жауап берді. Ол бүгінде қандай да бір тауарды сатып алатын алматылықтардың қандай құқықтары бар екенін айтты.
Арман Ақсубаевтың айтуынша, қалада әр секунд сайын тауарлар сатып алынады, бұл ретте азаматтар сапасы төмен тауарларға, тіпті кейде сатушы тарапынан алдау әрекеттеріне тап болады.
Арман Ақсубаев атап өткендей, тауар-ақша қатынасы аясында қолайсыз жағдайлар көп кездеседі. Әдетте дүкендер мен супермаркеттерде ақауы бар тауарларды еш қиындықсыз ауыстырып береді немесе ақшасын қайтарады. Ең бастысы — өзіңізде тауарлық немесе фискалдық чек болуы керек.
Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес, сапасыз тауар сатып алып, сатушы тауардағы кемшіліктер жөнінде айтпаған жағдайда, тұтынушы өз таңдауы бойынша:
1) сатып алу бағасын мөлшеріне (сапасына) қарай азайтуды;
2) тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды;
3) тауардың кемшіліктерін жоюға жұмсаған шығынды өтеуді;
4) ұқсас маркалы (модельді, артикулді) тауарға ауыстыруды;
5) сатып алу бағасын тиісінше қайта есептей отырып, басқа маркалы (модельді, артикулді) сондай тауарға ауыстыруды;
6) шартты бұзып, тауарға төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуге құқылы екенін атап өтті.
Өнім кемшіліктеріне байланысты кепілдік мерзімі ішінде талап қою қажет екенін есте ұстаған жөн. Егер тауарға кепілдік мерзімі белгіленбесе, тұтынушы кемшіліктерге байланысты талапты, сатылған тауарда кемшіліктер сатып алынған күннен бастап екі жыл ішінде анықталған жағдайда қоя алады.
Онлайн брифингіде Арман Ақсубаев тауарларға сараптама жасау туралы айтып берді.
«Егер тауарды тексеру (сараптау) нәтижесінде кемшіліктер жоқ екені немесе тауарды тұтынушыға бергеннен кейін пайдалану, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзу салдарынан туындағаны анықталса, тұтынушы сатушыға сараптама жүргізуге, сондай-ақ тауарды тасымалдауға кеткен шығындарды өтеуге міндетті», — деп хабарлады спикер.
Бұл ретте тұтынушы сапаны тексеруге және тауарға сараптама жүргізуге жеке өзі немесе өзінің өкілі арқылы қатысуға, сондай-ақ тауарды өз қаражаты есебінен тексеруге құқылы екенін есте сақтау қажет.
Арман Ақсубаев ұсыным ретінде алматылық тұтынушыларға сапасыз тауар сатып алған жағдайда — сауда орнында өзінің болғанын және сатып алғанын суретке түсіруді ұсынды.
«Дүкендерде суретке түсуге тыйым салынбайды. Чек жоғалса немесе берілмемеген болса, бұл болашақта пайдасын тигізуі мүмкін», — деп толықтырды департамент басшысы.
Алматы қаласы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы қазіргі кезде тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың мемлекеттік жүйесіне орталық және жергілікті атқарушы органдар кіретінін нақтылады. Мысалы, Алматыда Техникалық реттеу және метрология департаменті тұтынушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге көмектеседі. Сондай-ақ мұнда құқықтық қолдау үшін де жүгінуге болады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі