07.04.2022

Басым бағыт – қаланың шеткі аудандарына жағдай жасау.

Бостандық ауданында жалпы білім беретін мектептерде орын тапшы. Мәселен, 1200 балаға арналған №146 мектеп-лицейде 1800-ден астам оқушы білім алуға мәжбүр. Бір сыныпта 32 баладан отырады.  Осылайша балаларының білім сапасына алаңдаған ата-аналар өз шағымдарын жеткізді. Мәселен, Алмагүл ықшамауданында бір ғана қазақ мектебі бар. Аймақта тұрғын үй кешендерінің саны көбейген сайын білім ордасына да сұраныс жоғарылайды. Қазір №146 мектеп-лицейде әліпбидің «Е» әріптеріне дейін беріліп жатқан сыныптар бар көрінеді.

«Осы №146 мектепте оқиды қызым, 4-сыныпта. Бір сыныпта 32 бала оқиды. Бір 45 минуттың ішінде барлық баланы қамти алмай қаламыз ба алаңдаймыз. Айналамызда тұрғындар көп. Үлкен бір үй салғанша, үлкен әдемі бір мектеп салып берсе екен дейміз. Балалар біздің болашағымыз ғой», – деді ата-ана Дәурен Шәкіров.

Қалалық білім басқармасы бұл мәселеден хабардар. Мектептегі орын тапшылығын жою мақсатында ғимаратқа қосымша нысан салу жұмыстарын қолға алған. Қазір мұнда құрылыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Мектепке қосымша ғимарат құрылысы өткен жылы басталған. Биыл тапсырылады. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша, қазір нысанның 95 пайызы дайын. Бейнебақылау камералары мен тоқ жүргізу секілді соңғы жұмыстар жүргізіліп жатыр екен. Қосымша ғимарат құрылысы 300 балаға арналған. Білім нысаны жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек. Мектеп директорының айтуынша, аумақ кеңейгенмен, бұл мәселесі толықтай шешпейді. Оның үстіне жыл санап оқушылар саны көбейетіні тағы бар.

«Қосалқы ғимаратта 15 сынып болады. Мұнда мультимедия, физика биология жіне лабороториялық кабинеттер болады. Жаңа білім бағдарламасына сай оқушылардың білім сапасы да артады деген үміттеміз», – деді №146 мектеп-лицей директоры Нұрғали Нұрадинов.

Алматыда биыл жыл соңына дейін 16 мың 150 балаға арналған 22 білім ошаға пайдалануға берілмек. Оның 5-еуі Қалқаман, Қайрат, Мәдениет ықшам аудандарында, қалғаны Алмалы мен Бостандық ауданында бой көтереді. Басым бағыт – қаланың шеткі аудандарына жағдай жасау.

 

 

 

Дереккөз: Almaty.tv.