Б. Сағынтаев: учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру қажет

03.11.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық Полиция департаментінің басшылығымен онлайн-кеңес барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жергілікті полиция қызметі мен учаскелік инспекторлардың жұмысын дамыту мәселелерін талқылады.

Кеңес барысында учаскелік полиция инспекторларының жұмыс нәтижелері тыңдалды. Қалада 491 учаскелік инспектор мен олардың 102 учаскелік көмекшісі қызмет етеді. 102 учаскелік пункт жұмыс жасайды. Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша криминогенді аймақтарға 37 модульдік полиция бекеті орнатылды, оларға үстіміздегі жылдың басынан бері 40 мыңға жуық өтініш түскен.

Жыл басынан бері учаскелік инспекторлар 5 мыңнан астам қылмысты ашып, қала тұрғындарының 370 мыңнан астам шағым мен арызын қарады. Әкімшілік жауапкершілікке 61,6 мың азамат тартылды.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев құқық бұзушылықты болдырмау, оның ішінде тұрмыстық сипаттағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Кеңес барысында учаскелік полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайту, учаскелік полиция қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мәселелері қаралды. Сондықтан дамудың кешенді бағдарламасын қабылдау қажет.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту міндеті алға қойылды, өйткені қала тұрғындарының жайлылығы мен тыныс-тіршілігі осыған тікелей қатысты.

Кеңесте аудандық полиция басқармалары учаскелік инспекторларының нәтижелі жұмысы атап өтілді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі