Б. Сағынтаев: Шеткі аймақтардағы өмір сапасы жалпықалалық деңгейге теңестіріледі

11.12.2020

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Instagram-дағы жеке парақшасында мегаполистің жаңа ықшамаудандарындағы инженерлік желілер құрылысының қарқыны туралы айтты.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, инженерлік желілер – қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйесінің күре тамыры. Мегаполис аумағы бірер жыл бұрын  қосылған аймақтардың есебінен кеңейді. Сәйкесінше бұл – жаңа желілерді қажет етеді.

«Өтіп бара жатқан жыл жемісті болды. Жүздеген шақырым сумен жабдықтау, су бұру желілері мен бірнеше КСС салынды. Наурызбай ауданында сүзгі-сорғы стансасының құрылысы басталды», - деп жазған  Алматы әкімі ықшамаудандардағы өмір сапасы бірте-бірте қаламен теңестірілетінін атап өтті.

Бұрын хабарланғандай, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамыту аясында биыл 300 шақырымға жуық су құбыры мен кәріз желісі салынды. Нәтижесінде «Жаңа Алматының» шеткі ықшамаудандарының 50 мың  тұрғыны орталықтандырылған сумен жабдықтау мен су бұру желісіне қосылады.

2019 жылы аудит жүргізіліп, оның барысында 2,3 мыңға жуық көшеде сыртқы жарықтың жоқ екені анықталды. Нәтижесінде таяудағы 2 жыл ішінде қаланы жарықпен толық қамтамасыз ету жөнінде шешім қабылданды. Жыл соңына дейін қала шетіндегі 1423 көше жарықтандырылады, бұл қаланың 4 ауданында 100% жарықтандыруды қамтамасыз етеді – Алатау, Жетісу, Наурызбай, Түрксіб.

2021 жылдың соңына дейін Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу аудандарындағы қалған 601 көшені жарықтандыру жоспарлануда. Осылайша, Алматы көшелерін 100% жарықтандыруға қолжеткізіледі.

Жол инфрақұрылымын дамыту аясында Жаңа Алматының ықшамаудандарында 42,8 шақырым жол салынды. Ұзындығы 192 шақырым болатын 270 көшеде орташа жөндеу, ұзындығы 86 шақырым болатын тротуарларды ретке келтіру және жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 саябақ пен 5 жаяу жүргіншілер аймағын абаттандыру қарастырылған.

Үстіміздегі жылы жоспарда көрсетілген барлық шаралар толық орындалды. Келер жылы шеткі аймақтарды дамыту жөніндегі жобалар іске асырылады, бұған барлық қаржыландыру көздерінен 200 млрд теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі