Бүгін Алматыдағы қазіргі эпидемиологиялық ахуалға арналған онлайн-баспасөз мәслихаты барысында қала әкімі денсаулық сақтау жүйесінің коронавирус инфекциясының үшінші толқынына дайындығы туралы айтты.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев, былтыр денсаулық сақтау инфрақұрылымын нығайту шаралары қабылданғанын мәлім етті.
Бүгінде қалада 3 эшелонға бөлінген 7 мың инфекциялық төсек-орын бар, оның ішінде — 5 мың орын іске қосылған. Олардың жүктемесі 54%-ды құрайды. Қазіргі уақытта инфекциялық ауруханаларда 46 науқас аса ауыр жағдайда жатыр. Жағдайы ауырлар — 350. 6 науқас ӨЖЖ аппаратына қосылған. Инвазивті емес аппарат пен HighFlo-да — 89 науқас.
Стационарларда 420 жансақтау орны бар, жансақтау бөлімдерінің жүктемесі 34%-ды құрайды (152 науқас).
Мегаполистің төрт мыңға жуық пациенті амбулаторлық жағдайда емделуде. Осы ретте үйдегі науқастарды бақылау және емдеуді 409 мобильді топ пен Телемедицина орталығы жүзеге асырып жатыр.
Қазіргі уақытта COVID-19-бен күреске 8,5 мың медицина қызметкері жұмылдырылған. Резервте 2 758 медициналық маман бар. Алматыда 25 ПТР зертханасы бар, олардың барлығы жұмыс күндері де, демалыс күндері де қабылдауға дайын. Барлық зертханалардың тәуліктік қуаттылығы — 14 500 тест, бірақ 24 000-ға дейін көбейту мүмкіндігі бар.
Алматы әкімі маска режимі мен әлеуметтік арақашықтықты қатаң сақтау керектігін еске салды. Сондай-ақ қала тұрғындарын адамдар көп шоғырланған жерлерге барудан бас тартуға шақырды. Негізгі міндет — коронавирус инфекциясының таралуын тоқтату.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі