Б. Сағынтаев: Алматы қаласы медицина ұйымдарындағы кадр тапшылығын азайту үшін жалпы қалалық жоба қабылданды

02.03.2021

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың төрағалығымен өткен алқа жиында 2020-2025 жылдары қалада денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қорытындысы, сонымен қатар жалпы өлім-жітімді, ана мен бала өлім-жітімін азайту, кадр тапшылығын шешу мәселелері мен алдағы міндеттер қаралды.

Алматының медициналық ұйымдарына 2 млн-нан астам адам тіркелген, оның 28,5%-і 18 жасқа дейінгі балалар. Медициналық қызметтерді ТМККК аясында Қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 74 медициналық ұйым, 13 республикалық және 90-нан астам жекеменшік медициналық ұйым  көрсетеді.

Алқа жиында атап өтілгендей, денсаулық сақтау жүйесінің басты міндеті медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында 24 көрсеткіш пен  индикатордың 21-і бойынша жоспарлы мәнге қол жеткізілді.

Осыған байланысты Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 2021 жылы көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізу үшін шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы өлім-жітімді азайту бойынша іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруды тапсырды. Әсіресе ана мен бала өлім-жітімінің алдын алуға және ескертуге ерекше назар аудару керек. Сонымен бірге ана мен баланы қорғау бөлімінің, АМСК-тің, әйелдер консультациясы мен босануға көмектесетін ұйымдардың жұмысы күшейтіледі.

Бүгінде мегаполистегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда 6 мыңнан астам дәрігер мен 13 мыңға жуық орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Инфекциялық стационарлардың, көпбейінді клиникалардың және отбасылық дәрігерлік амбулаториялардың қарқынды салынуы кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналғанын көрсетті.  

Қаланың медициналық ұйымдарына шамамен 590 дәрігер – анестезиолог, пульмонолог, кардиолог, невропатолог және басқалары, сондай-ақ 300-ге жуық орта буын қызметкер қажет.

Таяу жылдары жаңа ауруханалар мен емханалар ашылатынын ескере отырып, қала әкімі Б. Сағынтаев кадр тапшылығын азайту бойынша жалпы қалалық жоба қабылдауды тапсырды. Іс-шаралар жоспарында түлектерді жұмысқа орналастыру және медициналық қызметкерлердің біліктілігін арттыру ісіне жоғары оқу орындары мен колледждерді тарту керектігі көрсетіледі. Ынталандыру тетіктері, оның ішінде KPI бойынша бағалау, үстемақы және әлеуметтік қамсыздандыру, қалалық жеңілдетілген бағдарламалар бойынша тұрғын үй сатып алу мүмкіндіктері қарастырылған.

Алқа жиында қаланың денсаулық сақтау жүйесін таяу арада дамытудың міндеттері айқындалды. Кездесуді қорытындылаған Алматы әкімі Б. Сағынтаев осынау игі мақсаттарды жүзеге асыруда қала тарапынан толық қолдау көрсетілетінін атап өтті, өйткені әкімдік жұмысындағы ең басты бағыт қала тұрғындарының денсаулығы.

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі