Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары кезінде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салынып жатқан бірқатар ықшамауданда болды, сонымен қатар аумақтарды абаттандыру жобаларымен танысты.
Мегаполис әкімі Instagram-дағы парақшасында инженерлік құрылымды жаңарту мен нығайтудың маңызды екенін атап өтті.
«Мұзтау ықшамауданында тарату желілері салынуда. Биыл үйлерді сумен жабдықтау және су бұру жүйесіне қосуға кірісеміз. Өрт сөндіру депосы мен бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметтің құрылыс алаңдарында болдым», — деп жазды Б. Сағынтаев.
Алматы әкімі қайта жөндеуден өткен және қосымша орындары бар №54 мектепте де болды. Қала тұрғындары жұмыспен қамту, тұрғын үй және т.б. саладағы 50 түрлі мәселеге қатысты «бір терезе» қағидаты бойынша консультация ала алатын Әлеуметтік қызмет көрсету үйінің жұмысы аяқталуға жақын.
Сондай-ақ Алатау ауданында 14 кортқа (4 жабық, 10 ашық) арналған жаңа теннис орталығы мен жабық шағын футбол алаңы бар үстел теннисі орталығының, Алғабас ықшамауданында 12 мың адамға арналған мешіт құрылысы жалғасуда. Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы велотректі жөндеуден өткізу туралы шешім қабылданды.
Сонымен қатар Алматы әкімі Б. Сағынтаев құрылыс сапасын бақылауды күшейтуді, көше кеңістігін жақсарту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Төле би көшесіндегі жолдардың жөнделуі ерекше бақылауда.
Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі