Ashyq: Алматыда кәсіпкерлерге қалай өтініш бере алатыны және неліктен жобадан алынып тасталатыны туралы айтылды

08.04.2021

Алматы қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингінде Ashyq пилоттық жобасына қатысуға өтінім беру алгоритмі туралы айтты.

Еске салсақ, Ashyq жобасы кәсіпкерлік нысандарды: фитнес-клубтарды, спа-орталықтарды, сауна, бассейн, кинотеатр, қоғамдық тамақтандыру орындарын, компьютерлік және боулинг-клубтарды толық жабу және жұмысын ішінара шектеудің баламасы ретінде іске қосылды. Басқа кәсіпорындар да Ashyq қосымшасы бойынша жұмыс істей алады, өйткені бұл бизнес нысандарына жалпы эпидемиологиялық жағдайға тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.

Айтуар Қошмамбетов мобильді қосымшаны әзірлеушілердің деректеріне сүйене отырып, 6 сәуірдегі жағдай бойынша Ashyq қосымшасын 125 000 пайдаланушы жүктеп алғанын, барлығы 374 QR-код берілгенін, оның ішінде Нұр-Сұлтанда — 91, Қарағандыда — 39, қалғандары Алматыда екендігін айтты.

Бүгінде (8 сәуір) Ashyq қосымшасын пайдалану бойынша пилоттық жоба қатысушыларының Алматы қаласы әкімдігінің сайтындағы тізімінде 264 бизнес нысан бар, бір қатысушының өтінімі қаралып жатыр, 92 қатысушы QR-код алу сатысында.

Пилоттық жобаның арқасында Алматыда қызыл және сары статусы бар 19 келуші анықталды. Жалпы, 17 қаңтардан 5 сәуірге дейін республика бойынша қызыл статусы бар 273 азамат анықталды.

Айтуар Қошмамбетов Ashyq қосымшасымен жұмыс істеу үшін кәсіпкерлердің қандай кезеңдерден өтуі тиіс екенін атап өтті.

Ол үшін Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасына Яндекс платформасындағы форманы толтыру арқылы (https://forms.yandex.ru/u/606c52b490a6660c706590fb) өтінім беру қажет. Өтінім беруге арналған сілтемені «Бизнес штаб Алматы» телеграмм-арнасынан табуға болады.

Берілген барлық өтінімдердің ЭҚЖЖ сәйкестігі тексеріліп, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен келісіледі.

Тексеру мен мақұлдаудан кейін өтінімдер QR-код жүктеу үшін рұқсат беруге жіберіледі. Рұқсат алғаннан кейін өтінім берушілер QR-кодты InfoKazakhstan.kz сайтынан электронды платформадағы QR-код алу нұсқаулығына сәйкес жүктей алады.

Жаңа қатысушылар бір апта бойы тестілік режимде жұмыс істейді, барлығы үйретіледі. Тестілік режимді жұмыс істеген бір аптадан кейін жаңа қатысушылар әкімдік сайтындағы тізімге енгізіледі.

«QR жүктеуге рұқсат беру өтінімдері бір күнде 2 рет сағат 12.00 және 18.00-де тапсырылады. Әкімдік сайтындағы қатысушылар тізіміне енгізу аптасына 2 рет сейсенбі және бейсенбі күндері жүргізіледі», - деді Алматы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

Ashyq жобасына қатыстырудан бас тартуға нысанның ЭҚЖЖ кодына сәйкес келмеуі немесе тиым салынған қызмет түріне жататыны негіз болады. 

Мысалы, кинотеатрлардың иелері қосымша бойынша жұмысты бастау үшін жиі хабарласады. Қошмамбетовтың айтуынша, бұл мәселе қаралуда, жаңа қаулы шыққан жағдайда кинотеатрлар Ashyq жобасы бойынша жұмыс істейтін нысандар тізіміне енгізілуі мүмкін. Спикер оларға жұмысты бастау туралы өтінішпен 15 бизнес бағытының өкілдері жүгінгенін айтты.

Сонымен қатар Ashyq аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер мынадай жағдайда жобадан шығарылады: мониторингілік топ нысанда жобаға қатысуға қойылатын талаптарды бұзу фактілерін анықтаса (жоба туралы ақпараттық плакаттардың, кіруге және шығуға арналған QR-кодтың болмауы, залдың белгіленген нормадан артық толуы, әлеуметтік қашықтық, бетперде режимін сақтамау, белгіленген уақыттан тыс жұмыс істеу); нысан келушілер бойынша 3 күннен артық check-in жүргізбесе және нысанның апталық статистикасын алу кезінде бір апта ішіндегі сканерлеудің орташа санының 70%-дан астам нормадан ауытқуы болса.

Алматы қаласы бойынша Ashyq пилоттық жобасында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің тізімімен мына жерден танысуға болады (https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/article/details/43974?lang=ru

Ақпарат көзі: Алматы қаласы әкімдігінің қоғаммен байланыс қызметі